Қазақстандық және шетелдік маркетплейстерге бірдей талап қойылады. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Үкімет отырысынан кейінгі брифингте айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы заң жобасы бірінші оқылымнан өтті. Екінші оқылым ақпанның аяғына дейін болады деп күтіліп отыр. Осы заңда біз бірнеше өзгерістерді дайындадық. Маркетплейс қандай талаптарға сәйкес болуы керек екенін енгіздік. Шетелдік болсын, отандық болсын, ешқандай айырмашылық жоқ. Ол жағынан теңдік бар. Екіншіден, тауар айырбастау, ақша қайтару үшін дүкеннен тауар алған сияқты маркетплейсте де ешқандай айырмашылық болмауы тиіс", – деді министр тілшілердің сауалына берген жауабында.
Сөзінше, маркетплейс үйдің жанындағы дүкен сияқты қызмет көрсетуі тиіс.
Арман Шаққалиев отандық және шетелдік маркетплейстерге қойылатын талап бірдей екенін баса айтты.
Айта кету керек, осыған дейін қазақстандықтар интернет арқылы 3,2 триллион теңгеге сауда жасағанын жазғанбыз. Әлем халқы стриминг арқылы сауда жасауға көшкен.