Мәдениет және спорт министрлігінің хабарлауынша, шетелдік баспалармен қазақстандық жазушылар мен ақындардың еңбектерін аудару мен оны одан әрі тарату бағытында келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Бұл туралы Франкфурт халықаралық кітап жәрмеңкесі барысында белгілі болды. Оған ҚР МСМ мұрағат істері және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қуат Бораш қатысты.
Биыл әлемнің 85 елінен мыңға жуық жазушы, ақын, драматургтерін жинаған жәрмеңке алаңында іскерлік кездесулер, дөңгелек үстелдер, концерттер өткізілді.
"Бүгінде қазақстандық әдебиет жаһандық кеңістіктің ажырамас бір бөлігіне айналды және онда маңызды орын алады. Жазушыларымыздың арқасында әлемнің көптеген елдеріндегі азаматтардың барынша кең ауқымына біздің бай тарихымыз бен мәуелі мәдениетіміз туралы айтып берудің бірегей мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, біздің міндетіміз – классиктерімізді де, қазіргі авторларымызды да Еуропа мен Азия нарығына шығару. Сондықтан бүгін біз отандық әдебиетті әлемнің танымал тілдеріне аудару және ілгерілету бойынша жетекші баспалармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз", – деді Қуат Бораш.
Дәстүрлі жәрмеңке жыл сайын өткізіліп, әлемнің 100 елінен 7 мыңға жуық баспа, 275 мыңнан астам адамның басын қосады. Көрме жұмысы аясында 4 мыңнан астам іс-шара өткізіледі.