Сенатор Сұлтанбек Мәкежанов ел экономикасында инвестицияның үлесі азайып келе жатқанын айтып, мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"2023 жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар 18,0 трлн теңге көлемінде немесе 13,7%-ға дейін өсті деп анықталған. Бірақ талдау нәтижелерін қарайтын болсақ, негізгі капиталға салынған инвестициялардың үлесі жалпы ішкі өнімге шаққанда, төмендегенін көрсетіп отыр. Егер атап айтатын болсақ, ол көрсеткіш, 2012 жылы 18% көлемінде болатын болса, 2023 жылы 15%-ға төмендеген. Осындай төмендеулер шетелдік инвестициялардың таза ағыны бойынша да орын алып отыр. Ұлттық Банкінің ақпараты бойынша ол көрсеткіш 2010 жылы 11,6 млрд доллар болатын болса, 2023 жылы 3,2 млрд долларды құрап отыр, яғни 3 есе төмендеген. Осы тұста тағы да атап айтатын мәселенің бірі, тікелей шетелдік инвестициялардың 75% тау-кен секторына жұмсалған, яғни басқа секторларға аз жұмсалған деп айта аламыз", - деді депутат Сенаттың жалпы отырысында.
Мысалға, 2023 жылғы нәтижелер бойынша өңдеуші өнеркәсіпке салынған инвестициялар барлық инвестициялардың 9,4%-ын ғана құрап отыр.
Сұлтанбек Мәкежанов бұл мәселелерді геосаяси жағдаймен түсіндіре алмаймыз деп айтты.
"Себебі, экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының шолуы бойынша оған, бюрократиялық, сыбайлас жемқорлық және тағы да басқа факторлар әсер етеді деп көрсетуде. Инвестицияларды тартудың барлық циклін қайта қарайтын кешенді шаралар жасала ма, жасалса қай уақытта? Өңдеуші өнеркәсіпке инвестициялардың үлесін ұлғайту бойынша нақты қандай индикаторлар белгіленетін болады?", - деді сенатор Сұлтанбек Мәкежанов.
Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың сөзінше, инвестицияларды тарту – Үкімет алдында тұрған өте маңызды мәселе.
"Бұл жалпы экономикалық өсімді қамтамасыз етуге себепші болатын құрал. Біздің елде тау-кен саласы дамығандықтан, бұл салаға өте көп тікелей инвестициялар құйылған болатын. Бірақ енді соңғы жылдары Үкіметтің, мемлекеттің жалпы саясаты экономиканы диверсификациялау, оның құрылымын өзгерту. Сол бағытта үлкен жұмыс жүргізіліп жатыр. Еліміздегі жалпы инвестициялық ахуалды жақсы деп айта аламын. Өйткені бізде барлық озық тәжірибелер, инвестицияларды ынталандыру құралдары көзделген. Өткен жылы 18 трлн теңгенің тек 26 пайызы тау-кен саласына жұмсалыпты, қалған инвестициялар қызмет көрсету саласына, өңдеуші өнеркәсіпке тартылған болатын. Біздің ойымызша, бұл жақсы тренд. Әрине, бұл саясатты жалғастырамыз. Мемлекет басшысы Үкімет алдына жаңа инвестициялық цикл бастау туралы тапсырма қойды. Осының аясында жаңа инвестицияларды тарту бойынша тұжырымдама әзірлеп жатырмыз. Шілде айында Үкіметтің қарауына енгізілетін болады", - деді министр.
Нұрлан Байбазаров өңдеуші өнеркәсіп саласында биыл 70 жоба жаңадан іске қосылатынын жеткізді.