Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Tech орда бағдарламасын сынға алды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Парламенттің төменгі палатасында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инновациялық қызмет саласын мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы бірінші оқылымда қаралды.
"Осы заң төңірегінде шетелден келген мамандарға арнайы жағдай жасалу қаралған. Соның ішінде – көші-қон заңдарын жеңілдету. Осыған байланысты сұрақ туындайды. Бірнеше жыл бұрын Цифрлық даму министрлігі өзіміз жергілікті кадрларды дайындаймыз деп Tech орда деген жобаны бастады. Өз мамандарымызды дайындаймыз деп миллиардтап теңгені жұмсап жатырмыз. Бірақ, өкінішке қарай, бұл жүйе өз нәтижесін бермеді деп түсінуге болады. Мысалы, 2 млн адам тұратын Түркістан облысында бір жылда 15 адам ғана оқиды. Неге? Қарағанды облысында бұл көрсеткіш одан 11 есе артық, Астанада – 40 есе артық, Алматыда – 30 есе артық. Бюджеттен 600 мың төленеді. Сонда бұл жерде бағдарлама дұрыс жасалынбаған ба? Жергілікті мамандарды ысырып қойып, шетелдің мамандарына жағдай жасағаннан экономикаға зиян тимей ме?", - деп сұрады Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов.
Цифрлық даму министрі бұл мәселені қолға алатынын айтты.
"Қазір шетелдік жұмыс күшін тарту тетігі бойынша заң жобасында ешқандай өзгеріс көзделмеген. 2018 жылдан бері жұмыс істеп жатқан режим болады. Бұл ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндірмейді, себебі жоғары білікті мамандарды тартуға мүмкіндік береді. Қазір Astana Hub-қа қатысатын компанияларда 5 мыңнан астам шетелдік маман жұмыс істейді. Бірақ олардың басқа мемлекеттерге кетуге де мүмкіндіктері бар", - деді Жаслан Мәдиев.
Сөзінше, IT мамандарды оқытуға арналған Tech Orda бағдарламасы жұмыс істеп тұр.
"Бүгінде 6 мыңға жуық адам білім алды. Бір білім алушыға жұмсалатын шығынның көлемі – 600 мың теңге. Бірақ та, олар оқу бітіргеннен кейін 500-600 мың теңге шамасында жалақы алады. Біздің есебіміз бойынша 11-12 айда салық арқылы осы ақша бюджетке қайтарылады", - деді ведомство басшысы.