Өзбекстан Париж Олимпиадасында Қазақстанды қай спорт түрлерінен артта қалдырды

1638

Өзбекстан құрамасы тек бокстан емес, бірнеше спорт түрі бойынша елімізден озып кетті.

Өзбекстан Париж Олимпиадасында Қазақстанды қай спорт түрлерінен артта қалдырды Фото: Оlympic.uz

Төртжылдықтың басты додасы Париж олимпиадасының аяқталғанына да көп болған жоқ. Өкінішке қарай, бұл дүрмек Қазақстан құрамасы үшін аса сәтті болды дей алмаймыз. Дегенмен көршіміз Өзбекстан құрамасы 8 алтын алып, айды аспанға бір-ақ шығарды. Осы орайда Stan.kz ақпарат агенттігі Өзбекстан құрамасының қай спорт түрінен Қазақстаннан басым түскені туралы сараптама жасауды ұйғарды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты stan.kz-ке сілтеме жасап.

Расында, Өзбекстан құрамасы Қазақстаннан тек Париж олимпидасында ғана емес, төрт жыл бұрынғы Токиода да артта қалдырған еді. Париж олимпиадасында Қазақстан құрамасы спорттың 23 түрінен, 83 бағыт бойынша сынға түссе, Өзбекстан құрамасы спорттың 18 түрінен, 68 бағыт бойынша жарыс алаңына шыққан. Қазақстанның атынан 83 спортшы қатысса, Өзбекстан құрамасында 88 спортшы ел намысын қорғады. Өзбекстан құрамасы тек бокстан емес, бірнеше спорт түрі бойынша елімізден озып кетті. Атап айтсақ, дзюдо, күрес түрлерінен, таеквондо, ауыр атлетика және жеңіл атлетика спорты бойынша да өзбекстандық спортшылардың нәтижесі біздікінен жоғары. Енді осыларға жеке-жеке тоқтала кетсек.

Дзюдода күресінен Елдос Сметов Қазақстан құрамасының қоржынына жарыстың алғашқы күнінде алтын салып, сынға алған көпшіліктің аузына құм құйса, Өзбекстанның дзюдодан әйелдер құрамасы да алтын жүлде алып, үлкен сенсация жасады. Дзюдошыларымыз 1 алтын, 1 қола жүлде еншілесе, өзбекстандық дзюдошылар 1 алтын, 2 қола жүлдемен жалпы командалық есепте еліміздің алдын орап кетті. Жалпы командалық есепте Қазақстан 7-орынға тұрақтаса, Өзбекстан 6-орынға жайғасты. Айтпақшы, 100 келідегі Нұрлыхан Шарханды да өзбек балуаны Музаффарбек Туробоев жарыс жолынан шығарып жіберді.

Жеңіл атлетикадан да өзбек спортшылары жүлдеге бір табан жақын болды. Жүлдегерлер қатарынан көрінбесе де, жанкүйерлерге үміт отын сыйлады. Өкінішке қарай, қазақстандық жеңіл атлеттердің ешқайсысы жүлдеге жақындайтын нәтиже көрсете алмады. Биіктікке секіруден Сафина Садуллаева жүлдеге бір табан жақын болып, тамаша өнер көрсеткенін көрдік. Тіпті, қола жүлдегер атанған аустралиялық Элинор Паттерсон мен украиналық Ирина Геращенконың көрсеткішімен (1.95 метр) бірдей нәтиже көрсетті. Ал биіктікке секіруден қазақстандық Елизавета Матвеева и Надежда Дубовицкая іріктеуден өте алмады.

Күрес түрлерінен де өзбекстандық балуандар қызыға қарайтындай нәтижеге қол жеткізді. Біз үшін жалғыз Демеудің күміс көңілге медеу болса, өзбекстандық балуандардың біразы жүлдеге қол жеткізуге жақын қалды. Әрине, ресейлік Разамбек Жамаловтың алтынынан бөлек, өздерінің балуандары да медаль үшін күресті. Грек-рим күресінен Қазақстанның 4 балуаны бозкілемде белдессе, өзбекстандық балуандардан үшеуі ғана лицензия алған. Дегенмен, сол үшеуінің екеуі қола жүлде үшін белдесіп, жеңіліп қалса, біздің балуандарымыздан Демеуден басқасының бәрі алғашқы айналымда сүрінді. 77 келідегі Арам Варнданян мен 97 келідегі Рустам Ассакалов қола жүлде үшін белдесуде ұтылып, 5-орынмен жарысты аяқтады. Еркін күрестен сынға түскен өзбекстандық балуанның үшеуі де жүлде үшін белдесті. Тек 86 келідегі Джабраил Шапиев қола жүлде үшін айқаста жеңіліп қалды. 57 келідегі Гуломжон Абдуллаев біздің балуанды жарыс жолынан шығарған қырғызстандық Бекзат Алмазулуын қола жүлде үшін белдесуде жеңіп кетті. Күрес түрлерінен жалпы командалық есепте Өзбекстан 7-орынды иеленсе, Қазақстан 13-орынға жайғасты.

Таеквондодан да өзбек спортшылары тамаша нәтиже көрсетті. 68 келіде сынға түскен Улугбек Рашидов екі дүркін олимпиада чемпионы атанып, өзбек спортына атын алтын әріппен жазды. Сондай-ақ, әйелдер арасында өнер көрсеткен Светлана Осипова 67+ келіде алтынға сынық сүйем қалғанда сүрініп, күмісті қанағат тұтты. Жалпы өзбекстандық таеквондошылардың деңгейі өсіп кеткенін байқауға болады. Ерлер арасында сынға түскен екі өзбекстандық таеквондошы жарысты 7-орынмен аяқтаса, әйелдер арасында біреуі күміс медаль, біреуі қола жүлде үшін айқасып, жеңіліс тапты. Осылайша, жалпы командалық есепте Өзбекстан құрамасы алдына Оңтүстік Корея мен Иранды жіберіп, үздік үштікке кірді.

Өзбекстан құрамасы ауыр атлетикадан да алтын алуға бір табан жақын қалды. Біздің ауыр атлеттеріміз олимпиададан тыс қалса, өзбекстандық спортшылар құрамаларының қоржынына жүлде салды. 102 келіде өнер көрсеткен Акбар Джураев жұлқа көтеруде 185 келіні еңсерсе, серпе көтеруде 219 келіні бағындырып, күміс жүлдегер атанды. Ол олимпиада чемпионы атанған қытайлық зілтеміршіден қос сайыс нәтижесі бойынша небәрі екі-ақ келі төмен көтерді. Осылайша, Токиода топ жарған Джураев Парижде де үздіктер қатарынан көірініп, Өзбекстанның ауыр атлетикасын әлемге мойындатты.

Жалпы өзбек спорты тек бокста ғана емес, басқа да түрлерінен алға кетіп қалғанын байқауға болады. Жасыратыны жоқ, қазір өзбек спортына қарап, қызығатындай дәрежеге жеттік.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу