Өзбектер темір-терсек қалдықтарынан бояу жасап отыр

429

Негізгі сатып алушылардың бірі Қазақстан.

Өзбектер темір-терсек қалдықтарынан бояу жасап отыр Фото: chinadaily.com

Жоқтан бар. Өзбектер темір-терсек қалдықтарынан бояу жасап отыр. Тіпті елде пигмент жасауға қайта өңдейтін шикізат жетпей жатқан көрінеді. Ал бояудың ірі сатып алушысының бірі Қазақстан екен. 

Мұндағы үйілген темір-терсек әртүрлі кәсіпорындардың қалдығы. Бірақ бұл зауыт үшін ол таптырмас шикізат. Кәсіпорын көлік құрастырудан бастап тұрмыстық техника шығаратын мекемелерге дейін барлығынан металл қалдықтарын сатып алады. Сөйтіп оны жуып, тазалап өңдеуге кіріседі. 

"Осы зертханада химиялық формулалар арқылы металл қалдықтарын қандай температурада өңдеп, жаңа түс шығару үшін қанша қоспа керектігін есептеп зауыт қызметкерлеріне береміз. Сол формула бойынша түрлі-түсті пигменттер жасалады. Кейін дайын өнімді тағы тексереміз бояу ылғалды болса қайта өңдеуге жібереміз", – дейді зертхана қызметкері Мадина Қодирова.

Металл қалдықтарын қышқылдар қосылған арнайы сұйықтықта қайнатады. Шыққан қоспаны сүзіп, кептіруге кіріседі. Сөйтіп қызыл, қара мен сары түсті бояулар шығады. Пигментке негізгі сұраныс құрылыс секторынан екен. 

"Біздің негізгі сатып алушыларымыздың бірі Қазақстан. Шымкент пен Алматыдан сұраныс жақсы. Айына кем дегенде 50-60 тонна экспорттаймыз. Жалпы 1 айда 600 тонна шығарамыз. Жылына 7200 тоннадай. Көрші мемлекеттерден бөлек Араб әмірліктері мен Үндістаннан да тапсырыс берушілер бар", – деді зауыттың бас инженері Алим Сулейманов. 

Жобаға 7 миллион доллардай инвестиция тартылған. Зауыттың Орталық Азияда баламасы жоқ. Айта кетсек, еліміз Өзбекстан нарығындағы ең ірі металл экспортердің бірі. Қазір көршіміз өңдейтін шикізат жетпей жатыр дейді. Егер утиль алым мәселесі шешілсе, Қазақстаннан темір-терсек қалдықтарын алып қайта сатпақ ниетте. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу