Пәкістанның қорғаныс министрі Хауажа Мұхаммад Асиф Израильге Исламабадтың ядролық қаруы барын ескертті. Бұл туралы елдің қорғаныс басшысы өзінің Твиттердегі парақшасында жазды.
"Израиль қорғаныс министрі Сирияда "Ислам мемлекетіне" (террорлық топ) қарсы күресте Пәкістан кедергі келтіретін болса ядролық қару қолданатынын айтып қорқытады. Израиль Пәкістанның да ядролық қаруы барын ұмытып кететін секілді", – деп жазды ол парақшасында.
The Guardian басылымынының жазуынша, мұндай жауап қатуға 20 желтоқсанда AWD News сайтында "Израильдің қорғаныс министрі: егер Пәкістан кез келген сылтаумен Сирияға әскер жіберетін болса, біз бұл елді атом соққысымен құртамыз" деген атпен жарияланған мақала түрткі болған. Израильдің қорғаныс министрлігі болса мақаланы ойдан шығарылғанын, министр мұндай мәлімдеме жасамағанын атап өтті.