Рақымшылық жасау туралы заңға сәйкес, аса ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс жасағандар жазадан босатылады және кейбір ауыр, аса ауыр қылмыстарды жасаған адамдардың жаза мерзімі қысқартылады.
Рақымшылық ардагерлерге, кәмелетке толмағандарға, жасы үлкендерге, бірінші және екінші топтағы мүгедектерге, аяға ауыр және кәмелетке толмаған балалары бар әйелдерге қолданылады.
Осы күні республикада 64 түзеу мекемесі мен 16 тергеу изоляторында 34 мың адам отыр. Оның 30 мыңына сот үкімі шыққан. Қалған 4 мың адамға қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. Үкіммен жаза өтеушілердің 93 пайызы ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін түрмеге жабылған. Ал 45 пайызы бұрын бірнеше рет сотталған. Сонымен қатар 32 мың адам апробациялық бақылауда тұр.
Депутаттар қабылдаған заң бойынша 2 292 сотталушыға, апробациялық бақылауда тұрған 11 753 адамға рақымшылық жасалады. ҚР Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 1 мың адам қамаудан бостандыққа шығады, 3 881 адам апробациялық бақылаудан босатылады. 1 330 сотталушының, апробацияда тұрған 7 492 адамның жаза мерзімі қысқартылады.
Бұған қоса сотқа дейінгі тергеу өндірісіне алынған 5 мың қылмыстық іс қысқартылады. Оның ішінде 1 674 адам қылмыстық жауаптан босатылады. 1 471 адамға сот органдарының жаза мерзімін қысқарту немесе босату ережелері қолданылады.
Осылайша, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығының құрметіне үлкен рақымшылық жасалайын деп тұр. Рақымшылық жасау жайлы өтініштерді қарау және жүзеге асыру алты ай бойы жалғасады. Тек ауыр және аса ауыр, сондай-ақ террористік және экстремистік қылмыстарға барған адамдар рақымшылыққа ілікпейді.
Осы орайда жемқорлықпен сотталғандар да рақымшылыққа іліге ме деген сұрақ өзінен-өзі туындайды екен. Себебі пара алушылықпен көзге түсіп, бүгінде қамауда отырғандар шектен тыс көп. Қылмыстық атқару жүйесі қызметкерлерінің айтуына қарағанда, пара алып сотталғандар да рақымшылыққа ілігуі мүмкін. Егер қылмысы жеңіл болса, залалы болмаса рақымшылыққа ілігуіне мүмкіндік бар. Жемқорлықтың жеңіл, орташа немесе ауыр қылмыс ретінде жіктелуіне келсек – пара сомасы 30 айлық есептік көрсеткіш, немесе 9 миллион теңге шамасында болса, айыпты 5 жылға дейін бас бостандығынан айрылады. Бұл орташа дәрежедегі қылмыс болып саналады екен.
Демек рақымшылық заңы бойынша мерзімі мен пара соммасы 9 миллион теңгеден төмен жандарға қолданылатын жаза жеңілдетілуі мүмкін. Тіпті жазадан босатылуы да ғажап емес.
Заңгерлердің айтуынша, жемқорлыққа қатысты сотқа дейінгі тергеу ісі басталған жағдайда күдіктінің рақымшылыққа ілінуге мүмкіндігі бар. Тергеу ісі сотқа дейін жетпей жатып қылмыс дәрежесі орташа деп танылса тергеуші күдіктіден рақымшылық жасалғанын қалайсыз ба, жоқ па деп сұрауы керек. Егер күдікті бұған келіссе, онда қылмыстық іс тоқтатылады да, күдіктіні рақымшылыққа іліктіру әрекеті жасалады. Ал рақымшылыққа іліккен адам ақталған болып есептелмейді. Жазадан босатылғанымен өзінің істеген қызмет саласына өмір бойына орала алмайды. Парамен сотталғандарға рақымшылық жасаудың осындай жағы бар екен.
Қылмысы кешіріліп, қамаудан мерзімінен бұрын босаған мыңдаған адам қоғамда босқа сандалып жүрмеуі керек. Қабылданған заңға сол үшін рақымшылыққа іліккендердің әлеуметтік мәселелері жайлы нақты шаралар енгізілді. Заң үкімет пен жергілікті әкімдерді қамаудан босап шыққандарға әлеуметтік көмек көрсетуді, еңбекке орналасуы мен емделуін ұйымдастыруды міндеттейді.
Бұл осымен тәуелсіз Қазақстанның тоғызыншы рақымшылығы. Мұндай шараның игілігі мол болғай.
Нағашыбек Алдан