Таяуда ұсталған Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің бас мемлекеттік аудиторлары мен "Қазақавтожол" РМК-ның лауазымды қызметкерлері кінәсін мойындап, істеген әрекеттеріне өкінетіндігін білдірді. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.
"Астананың Алматы ауданы №2 аудандық сотының санкциясымен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің мемлекеттік аудиторы А.Жәңгірбаеваға, "Қазақавтожол" РМК бас директоры С.Мұқашев пен орынбасары Е.Шәмишевке, бөлім жетекшісі К.Әжіғұловқа қатысты "тұтқындау" бұлтартпау шарасы тағайындалды. Қарауында кішкентай балалардың, мүгедектердің болуына байланысты және зейнеткерлік жасқа жетуіне орай мемлекеттік аудитор Б.Копобаеваға, "Қазақавтожол" РМК бас есепшісі Ш.Қорғановаға, бөлім жетекшісі Б.Елемесовке қатысты үйқамаққа алу шешімі жасалды", – деп атап өтілген хабарламада.
Белгілі болғандай, тергеу шаралары барысында Копобаева, Мұқашев, Әжіғұлов, Шәмишев, Қорғанова және Елемесова өздерінің кінәсін толықтай мойындап, істеген істеріне өкініш білдірді. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықтың осы тізбегіне тартылған "Қазақавтожолдың" өңірлік филиал басшылары да мемлекеттік аудиторлар үшін 16 млн теңге сомасында пара жинауға қатысқандықтарын мойындады. Оларға қатысты "кепілзат" бұлтартпау шарасы таңдалды.
Естеріңізге сала кетейік, Есеп комитетінің мемлекеттік аудиторлары "Қазақавтожол" басшылығынан пара алу кезінде ұсталғандығы хабарланған еді.