Парламент Үкімет пен жоғары палатының былтырғы бюджет есебін бекітті

453

Сырттан себепсіз және тиімсіз қарыз алып, оны уақытылы игермеген шенеуніктерге салынатын айыппұл артуы мүмкін.

Парламент Үкімет пен жоғары палатының былтырғы бюджет есебін бекітті Фото: inbusiness.kz

Парламенттің бірлескен отырысында Жоғары аудиторлық палата төрағасы осындай ұсыныс айтты,  деп хабарлайды inbusiness.kz

Депутаттар алдында өткен жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп берген Годунова ханым жіберілген кемшіліктер мен ескертулерді тізіп берді. Кей фракциялар Үкімет есебіне қарсы дауыс берсе де, бүгін оны бекітіп жіберді.

Депутаттар алдына келіп есеп берген Қаржы министрі "ә" дегеннен Жоғары аудиторлық палатаның ескертулеріне түсіндірме берді. Аудит елдің экспорты пен импорт статистикасында алшақтықтық барын айтып, ескерту жасаған. Жамаубаев сәйкессіздіктің барын мойындап, оны сыртқы сауда есебінің әдістемелік ерекшелігіне байланысты, деп ақталуға тырысты.

"Алшақтықтарды азайту мақсатында бірқатар жүйелі шаралар қабылдануда. Тауарларға арналған декларацияларды бақылау және шығару үшін кедендік функцияларды орталықтандыру жүзеге асырылды. Бұл бақылау шаралары бойынша орталықтандырылған шешім қабылдауға, өткізу пункттеріндегі жедел ахуалға қашықтықтан мониторинг жүргізуге мүмкіндік беруде", - деді ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

Бюджетке қомақты қаржы түспеген, ұлттық жобалардың көбі тиімсіз. Бас аудитор кемшіліктерді тәптіштеп айтып берді. Сөзінше, бюджеттік бағдарламалар мен қойылған мақсатқа қол жеткізілмесе, орталық мемлекеттік орган мен өңір басшыларына жауапкершілік енгізу керек. Олар әр тиынның тиімді қоланылуын қамтамасыз етсін,- деп бұйырды.

"Қарыз саясатында біртіндеп тәртіп пайда болып келе жатыр. Сыртқы қарыздарды тиімсіз тартқаны және оларды уақытылы игермегені үшін лауазымды тұлғалардың дербес әкімшілік жауапкершілігі енгізілді. Мұндағы 100 АЕК мөлшеріндегі айыппұл сомасын көбейту керек деп санаймыз",  дейді Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Наталья Годунова.

Жамаубаев бюджеттің атқарылу мониторингі дұрысталады және нәтижелерге қол жеткізу, әсіресе инвестициялық жобалар бойынша бақылау күшейтілетінін айтып, тағы да бір сендірді. Годунова бюджет есебінен іске асатын жобалардың құнын асырып бағалау белең алып тұрғанын айтты. Әсіресе Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 4 жыл бұрын 1 трлн теңге болады деп есептеген жобаны тым қымбаттатып жіберіпті. Сондықтан ақылға қонымды шаралар қабылдау керек,- дейді. Бірлескен отырыста Үкімет есебіне қарсы дауыс бергендер де болды.

"Қарсы дауыс беруге кірістердегі күмәнді жетістіктер, бюджетті жоспарлаудағы жауапсыздық, мұнайдан тыс бюджет тапшылығының артуы, Ұлттық қорды талан-таражға салу сынды фактілер себеп. Мемлекет холдингтер мен ұлттық компанияларға триллиондап қаражат бөледі, ал олар бюджетке 6 есе аз қайтарып жатыр. Қалған триллиондарды Үкімет пен ұлттық компаниялар өз қалауы бойынша, Парламентке көрсетпей жұмсап келеді. Сонда "ықпалды Парламент" пен "есеп беретін Үкімет" қайда?" - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев.

Министрлерге сұрақ та, талап та көп болды. Ақыр соңында Парламент Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның есебін бекітті. Министр Ерұлан Жамаубаев Ұлттық қордың қаражатын үнемдеу саясатын жалғастыру мақсатында республикалық бюджетке берілетін трансферттер қаражатын біртіндеп азайту жалғасатынын айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу