Павлодар қаласына қазақстандық вакцинаның екі мың дозасы жеткізілді

892

Көпшілік жиі жиналатын орындарда жылжымалы пунктер ашыла бастады.

Павлодар қаласына қазақстандық вакцинаның екі мың дозасы жеткізілді Фото: Валерий Бугаев

Павлодар қаласының емдеу мекемелеріне "QazVac" вакцинасының 2 мың дозасы жеткізілді. Алғашқы күні 200-ден астам тұрғын отандық екпе қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазиновтің мәліметінше, 1 ақпаннан бастап облыстың 5,9% тұрғынына коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина салынды. Яғни, 26 750 адам ресейлік "Спутник V" екпесін алды. Кеше бұл вакцинаның тағы 6 мың дозасы емдеу мекемелеріне үлестірілді.

"Бұған дейін 3-4 күн боы вакциналар болмап еді. Кеше облыстағы емханаларға ресейлік және қазақстандық вакциналар жеткізіле бастады. Мұны естіген тұрғындар емханаларға қарай ағылды. Тіпті, кейбір жерлерде кезек пайда болды. Бұл ретте екпенің қай түрін қабылдауды тұрғынның өзі таңдайды", - дейді басқарма басшысы.

Жалпы, облыста 148 стационарлық екпе кабинеті мен 37 көшпелі бригада бар. Көшпелі бригадалар ірі кәсіпорындар мен сауда орталықтарында жұмыс істейді. Сонымен қатар, Торайғыров университеті, Халыққа қызмет көрсету орталығы, спорт мекемелерінде вакцина қабылдауды қалайтын адамдарға екпе салады.

Бүгіннен бастап жылжымалы пунктер де жолға шықты. Алғашқысы авто және теміржол сапаржайының аумағында қызмет көрсетті. Жарты күн ішінде бұл пункте 90 адам вакцина алды. Осындай екпе орындарын Орталық жағалауда да ашу жоспарда бар.

"Мұндай жылжымалы пункттердің стационарлық екпе кабинеттерден басты айырмашылығы – алдын ала хабарласып, жазылып, кезек күтудің қажеті жоқ. Мәселен, Орталық жағалауда демалып жүріп, жылжымалы пунктті көріп қалып, аяқасты шешім қабылдап, екпе салдыруға болады. Тек ол үшін жеке куәлігі болуы тиіс. Кейін пункт терапевті денсаулығын қарайды. Қарсы нұсқамалары болмаса, мәліметтерді ақпараттық базаға енгізіп, вакцина салады. Тұрғынның екпе алған соң 30 минут күтуіне, жылжымалы орындардың электр қуатымен қамтылуына қажет жағдай жасалады", - дейді Айдар Сейітқазинов.

Жоспар бойынша, сәуір айының соңына дейін тұрғындардың 60%-ы вакцина қабылдауға тиіс. Сондықтан ірі кәсіпорындар мен сауда орталықтарында жаппай егу жұмыстары басталмақ.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу