Павлодар облысында 4940 адам 45 колледжге өз құжаттарын тапсырып, тегін техникалық және кәсіптік білім ала алады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі. Бұл туралы білім беру басқармасы техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің бас маманы Гүлсім Сүйіндікова мәлім етті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
" 2017-2018 оқу жылы мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында 9-сынып бітірген түлектерге 2885, 11-сынып бітіргендерге 1020 орын қарастырылған", - дейді Гүлсім Сүйіндікова. Оның ішінде металлургия, энергетика, құрылыс, көлік, тау-кен, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету, педагогика, медицина саласына қажетті кадрлармен қамтылады. Бұдан басқа, "Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту" бағдарламасының бірінші бағытына сәйкес техникалық және кәсіптік мамандарды даярлау мақсатында 1035 орын бар. Бағдарламаға өмірлік қиын жағдайға тап болған және тұрмысы төмен отбасылардың мүшелері қатарындағы 9-11-сыныптарды бітірушілер, оқу орындарына түспеген, жұмыс іздеп жүрген адамдар, жұмыссыз және өзін-өзі қамтыған жастар, көп балалы отбасылардан шыққан балалар, өзге санаттағы азаматтар қатысады. Осыған байланысты ақпан-наурыз айларынан бастап өңір бойынша құрылған мобильдік топтар ауылдық округтерде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бұл бағдарлама бойынша экономикалық, медициналық, заңгер мамандықтары жоқ. Бүгінгі таңда еңбек нарығында техникалық және кәсiптiк мамандықтар тапшы екенін ескерген дұрыс".
Маманның айтуынша, бағдарламаға қатысушыларға техникалық және кәсіптік білім беру оқытудың екі деңгейлі моделіне сәйкес жүргізіледі. Нақты айтқанда, жұмысшы біліктілігін тегін алғаннан кейін (оқу мерзімі 1-2 жыл) кәсіпорында еңбек етеді (түлек қаласа). Бұдан әрі қарай оқуын жалғастыратын болса, орта буын біліктілігі бойынша білім алады. Мемлекеттік қолдаудың арқасында күніне бір рет ыстық тамақ, жылына екі рет үйге барып келу үшін жолақы, шәкіртақы беріледі. Мектепті биыл бітіргендермен қатар, түрлі жағдайларға байланысты білімін жетілдіре алмағандар да техникалық және кәсіптік білім туралы дипломға қол жеткізе алады.
"Ең бастысы, бағдарлама бойынша ешбір емтихан тапсырудың қажеті жоқ және барлығына 16759 теңге көлемінде шәкіртақы төленеді. Дегенмен сабаққа үзбей қатысып, білім алуға тырысуы қажет. 10 ауданның әрқайсысындағы колледжерде жатақхана бар. Павлодарда барлығы 11 колледжге құжаттар қабылдануда. Оның ішінде монтаждау қолледжі жанында жатақхананың құрылысы жүргізілуде", - дейді Гүлсім Сүйіндікова. Айта кетейік, аталмыш бағдарламаны облыс бойынша барлығы 26 колледж жүзеге асырады. Оның үшеуі Екібастұз, екеуі Ақсу қаласында орналасқан.