Павлодар облысында қарғын судан зардап шеккендерге берілетін көмек көлемі белгілі болды

Бүгінде өңірде су басқан үйлердің барлығы құрғатылды. 

 Павлодар облысында қарғын судан зардап шеккендерге берілетін көмек көлемі белгілі болды Фото: canva.com

Еріген қар суы, нөсер жаңбыр мен өзен суының көтерілуі Павлодар облысының кей тұрғындарына қиындық тудырған болатын. Десе де, бүгінгі күні қауіптің беті сейіліп, жағдай тұрақталып келеді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Бұған дейін аймақта 38 үйдің аумағына кіріп, оның ішінде 18 баспананы су басқан болатын. Республикалық, жергілікті маңыздағы бірне жол учаскесін су шайғаны да бар. Әсіресе, республикалық маңыздағы Атамекен-Ертіс-Русская поляна жолындағы жағдай ушығып, оны бұзуға тура келді. Мұндағы жол қозғалысын уақытша тоқтатып, су бұру құбырлары тартылды. Соның нәтижесінде қауіп сейіліп, Ұзынсу ауылы су астында қалған жоқ. 

"Кеше Атамекен-Ертіс-Русская поляна автожолындағы 258 шақырымдағы су шайған жол өткелін қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. Бүгінгі күні облыс бойынша су басу қаупі бар жолдар жоқ. Су тасқынына қарсы жұмыстар жүріп жатқан елді мекендерде 3 учаске бақылауда. Олар - Ақтоғай, Тереңкөл, Шарбақты аудандарында бір-бір ауылдан", - деді бүгін Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов  Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында. 

Ауылдардағы жағдай да тұрақталып келеді. 8 сәуір сағат 13:00-дегі жағдай бойынша аймақта су басқан үйлердің жоқ. Бірақ бұған дейін бірқатар баспана тұрғындары қарғын судан қиындық жағдайға тап болды. Бәрінен де Ақтоғай ауданындағы Жалаулы ауылы елеулі зардап шекті. Мұндағы 14 тұрғын үй су астында қалды. Еді мекеннің өзі ойпаң жерде орналасқандықтан, мұнда қауіп те жоғары болды. Төтенше жағдай мамандары мен жергілікті билік өкілдері бірнеше күн дересінде ауылдың аумағынан 190 мың текше метрден астам суды сорып алды. Өңірлік жедел штабдың шешімімен 200 мың текше метр болатын 3 жаңа қазаншұңқыр қазылды. Бұл алдағы уақытта да ауылды су басу қаупін кешенді түрде шешетін болады. 

Ал арнайы комиссия келтірілген залалды бағалау жұмыстарын жүргізуде. Оның қорытындысы 10 сәуірге дейін шығарылуы тиіс. Соған сәйкес, зардап шеккен үй иелеріне бюджеттен тыс қордан өтемақы беріледі. 

Бұған дейін Павлодар облыстық мәслихатының депутаты Асылбек Туғанбай хабарлағандай, депутаттар су басу қаупі жоғары ауылдарға барып, тұрғындарға облыс жұртшылығы барынша көмек қолын созуда. 

"Қарғын судан жапа шеккен тұрғындарға толыққанды көмек көрсетілетін болады. Атап айтсақ, Жалаулыдағы үйіне су кірген 14 үйдің бесеуі жарамсыз болып қалған. Оның орнына бес жаңа үй бой көтеретін болады. Қалған тоғыз үйдің тұрғындарына келтірілген шығын көлеміне қарай 3,5-6,5 млн теңге аралығында қаржылай көмек көрсетіледі", - деп хабарлады депутат. 

Айта кетейік, еріген қар суынан зардап шеккен үйлердің тұрғындарына туыстарын уақытша паналауға тура келді. Су тасқыны кезеңінің басынан бастап ветеринария басқармасының аумақтық бөлімшелерімен, ЖАО және тұрғындармен бірлесіп 398 бас үй жануары да қауіпсіз жерге жіберілді.

Жалпы, өңірдегі су тасқынына шараларға 238 адам, 109 техника, 13 мотопомпа  жұмылдырылды. Осы аралықта 651 мың текше метрден астам еріген қар суы сорылып, 21 140 дана қап тұм төселіп, 4 560 тонна инертті метариал құйылды. Тәулік бойы жұмыс істейтін жедел штаб құрылды. 

Ал қауіптің беті сейіле бастаған соң павлодарлық құтқарушылардың бір легі Солтүстік Қазақстан облысындағы төтенше жағдай шараларына көмектесуге аттанды. Көршілес аймаққа барлығы 53 адам, қажетті құтқару жабдықтары мен жүзу құралдарын құраған 10 техника шықты. Құтқарушылар өңірдің су тасқыны қаупі бар учаскелерінде қажетті көмек көрсететін болады. Еріген суды сорып, траншеялар қазып, қаптарды дайындап және бөгеттерді нығайтады. Жағдай қиындаған кезде павлодарлық құтқарушылар су басқан елді мекендерден халықты жедел құтқаруға және эвакуациялауға дайын. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу