Аймақта ірі өндірістік орындардың көп шоғырланғаны белгілі. Сол арқылы олар отандық өнеркәсіп пен экономиканың дамуына сүбелі үлес қосуда. Есесіне, экологияға тигізетін кері әсері бар, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Қоршаған ортаны қорғауға қатысты өзекті мәселелер Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиевтің өңір жұртшылығымен кездесуі барысында талқыланды. Белгілі болғандай, былтыр зауыттардан шығатын зиянды қалдықтардың көлемі біршама азайған. Дей тұрғанмен, кей тұрғындардың кәсіпорын жұмысына әлі де көңілі толмайды.
"Өндіріс орындарының қоршаған ортаға, тұрғындар денсаулығына зияны баршылық. Айталық, облыс орталығындағы Зеленстрой шағын ауданында қыстың күні қардың түсі қызылға боялады. Құдды қызыл түсті қар жауады дерсіз. Түтіннің ащы иісі қолайсыздық тудыратыны тағы бар. Басқа мемлекеттерде құбырларды жаңартып, зауыттан қоршаған ортаға зиянды қалдықтардың шықпауы қатаң қадағаланады. Ал бізде жыл сайын 800 тонна қалдық шығады", - дейді Павлодар облыстық мәслихатының депутаты Асылбек Туғанбай.
Жомарт Әлиев өңірдегі экологиялық ахуал күрделі екенін жасырмады. Айтуынша, бұл бағыттағы мәселелерді жаңа Кодекстің талаптарын қатаңдату арқылы шешу көзделіп отыр.
"Павлодар облысының экологиялық жүйесінің техногендік жүктемесі жоғары. Ол өз кезегінде эмиссия, төгінділер мен қалдықтар шығарындыларының көлеміне әсер ететіні рас. Бұл ретте келесі жылы экологиялық рұқсат туралы талап күшіне енбек. Бұл талап ірі ластаушы кәсіпорындарға үздік технологияларды енгізу міндеттеледі. Мұндай зауыттар 10 жыл аралығында нормативтерге жетуге міндетті болады. Айталық, жылына 100 тонна қалдық шығаратын кәсіпорын 10 жыл аралығында бұл көлемді 40 тонна дейін төмендетуі тиіс. Осы іспетті талаптар орындалса, бюджетке төленуі тиіс төлем өз "қалтасында" қалады. Орындамаса, яғни кешенді экологиялық рұқсатты ала алмаса, жыл сайын төлейтін айыппұл көлемі бірнеше есе өсіп отырады", - деді вице-министр.
Сонымен қатар, келесі жылы облыста барлығы 14 мониторинг станциясы орнатылады. Автоматты бекеттер зиянды шығындылар көлемі тәулік бойы онлайн режимде көрсетіп тұрады. Сол арқылы қалдықтардың көлемі мен сапасы бақыланып, оның шамадан тыс шығарылуына бақылау жүргізілмек.