Павлодар облысында барлығы 361 мектеп бар. Оның үшеуі – апаттық жағдайда. Бірақ бүгін әбден ескірген мектептердің бірі толығымен жаңарды. Оқушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында жаңа білім ордасы қолданысқа берілді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Павлодар облысы Железин ауданына қарасты Моисеевка мектебінің ғимараты 1962 жылы қамыстан салынып, сырты кірпішпен қаланған еді. Сол уақытта бұл оқу мекемесі уақытша нысан ретінде салынды. Алайда 60 жылдан астам уақыт аралығында ауыл балаларының барлығы дәл осы ескі ғимаратта зейін ашып, білім алды.
Уақыт өткен сайын тоза бастаған қамыстан салынған ғимарат бүгінде әбден жарамсыз болып қалды. Төбелері ойылып, ортасына түсіп жатыр. Едендерінде тесік көп. Есік-терезелері де ескірген. Тар мекемеде балалар асыр салып спортпен шұғылданып, шығармашылығын да шыңдай алмайды. Мұнда дене шынықтыру сабағы дәлізде өтіп келді. Енді мұның барлығы артта қалды. Бұдан былай балалар қатарластары сияқты заманауи мектепте оқитын болды.
"2012 жылдан бері ауылымызда жаңа мектеп салу мәселесі көтеріліп келді. Бірақ ол тек биыл оң шешімін тапты. 1 маусымда басталған құрылыс жұмыстары қыс уақыт аралығында аяқталды. Жаңа ғимаратта спорт және мәжіліс залдары, кең әрі жайлы оқу кабинеттері, ұлдар мен қыздарға арналған шеберханалар – барлығы бар. Мектебіміздегі 44 оқушы да, оларға сабақ беретін 15 мұғалім де дән риза. Осындай білім ордасында балаларға сапалы білім беру үшін барымызды саламыз", - дейді мектеп директоры Алма Жұмабаева.
Жаңа мектепті инвестор - "FIRST NATIONAL CONSTRUCTION" ЖШС 750 млн теңгеге салды. Компьютерлер, интерактивті тақталар сынды заманауи жабдықтардың барлығын қойды. Тіпті, кабинеттегі гүлдерге дейін жеткізіп берді. Нысанды бағалау жұмысы аяқталған соң мемлекет мектепті өз иелегіне сатып алады.
"Моисеевка ауылына келіп, апаттық жағдайда тұрған мектепті алғаш рет көрген кезім әлі есімде. Сол кезде бірден жаңа ғимарат салуды ұйғардық. Бұл шешімге күмәнмен қараған қоғам өкілдері де, ата-аналар да болды. Десе де, қиындықтарға қарамастан аз уақыт аралығында соңғы үлгідегі білім ордасы салынды. Енді оны мемлекетке өткізу тәртібі жүргізіледі. Егер мектепте әу баста бюджеттік қаржыға салар болсақ, онда бұл мекеме тек 2025 жылы қолданысқа берілетін еді. Себебі техникалық сипаттама, жобаларды әзірлеу бір жыл-жарты жылға, мемлекеттік сараптамадан өткізу, облыстық мәслихаттың бюджеттік комиссия қарауына ұсыну, мемлекеттік сатып алуға қатысты процедуралар бірнеше айға созылады. Уақыт оздырмас үшін мектепті инвестор арқылы салуды жөн деп шештік. Енді білімнің шаңырағы балалардың игілігіне болсын", - деді Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов.
Мұғалімдер қарсаңында ашылған Моисеевка мектебіне Алаш зиялысы Мағжан Жұмабаевтың есімі берілді. Тек бір "әттеген-айы", аталмыш оқу ордасында әзірше қазақ тілінде білім беретін сыныптар жоқ. Аймақ басшысы оңтүстік өңірлерден қоныстанушыларды Моисеевкаға орналастырып, мұнда инвестициялық жобаларды жүзеге асыру арқылы бала санын көбейтіп, мемлекеттік тілде оқытатын сынып ашу жоспарланып отырғанын айтты. Сонымен қатар, келесі жылдан бастап жаңа мектеп жанынан шағын орталық жұмысын бастайды. Бұған дейін аталмыш елді мекенде мектепке дейінгі мекеме болған емес.
Айта кетейік, өңірдегі екі апаттық мектептің орнына жаңа ғимараттар да жекеменшік компаниялардың есебінен салынуда. Баянауыл ауданындағы Қаражар және Павлодар ауданындағы Сычевка мектептері ERG компаниясымен жасалған меморандум аясында бой көтермек. Бүгінде олардың да құрылысы аяқталуға таяу.