Павлодарлық прокурор алғашқы халықаралық донор атанды

953

Бұған дейін облыс тұрғындары өзге ел азаматтарына донор болған емес. 

Павлодарлық прокурор алғашқы халықаралық донор атанды

30 жасар Аға прокурор Ержан Досымжановтың бағаналық жасушасы Ресей астанасы – Мәскеу қаласындағы Д. Рогачев атындағы орталықта ем алып жатқан 4 жасар қызға дәл келді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Облыстық қан орталығы басшысының міндетін атқарушы Мүслім Солтановтың айтуынша, әдетте абсолютті сәйкестік тек туыстарда кездеседі. Ал туыс емес, әсіресе өзге ұлт өкілдері арасындағы сәйкестік 10 мыңнан біреу ғана болуы мүмкін.

"Өкінішке қарай, медицина қарыштап дамып жатқанымен гемотрансфузияны ауыстыру мүмкіндігі әзірше жоқ. Тек донор арқылы емдеуге болады. Осы жылдың сәуір айында HLA типтеу кезінде біздің аймақтың бір тұрғыны мен емделуші талдамалары 100% келетінін көрсетті", –  дейді Мүслім Солтанов.

Облыстық прокуратура қызметкері Ержан Досымжанов бірінші рет донор болып жатқан жоқ. Ол соңғы 10 жыл ішінде жыл сайын кемінде бір рет қан тапсырады. Ал 2014 жылы гемопоэтикалық бағана жасушалары донорлары тізіміне кірген екен.

"Жасуша алу процедурасы жақсы өтті. Нұр-Сұлтан қаласындағы трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығында бес күн қаралып, арнайы препараттар қабылдадым. Процедурадан кейін қандай да бір қиындық болған жоқ. Дәрігерлердің айтуынша, донорлықтың денсаулығыма кері әсері жоқ", – дейді Ержан Досымжанов.

Қазіргі уақытта мәскеулік бүлдіршіннің жағдайы жақсарып келеді. Мамандардың сөзіне қарағанда, донорлық жасушадан кейін қыздың беті бері қарап, тіпті салмақ жинай бастаған көрінеді.

Павлодарлық прокурор жасушасының бір бөлігін берген бүлдіршінді көргісі-ақ келеді. Бірақ емделушінің аты-жөнін, жеке деректерін білмейді. Бұл – медициналық құпия.

Жалпы посткеңестік мемлекеттерге ортақ донорлар базасы 2012 жылы құрылған болатын. Бүгінде бұл тізімде 535 павлодарлықтың жасуша үлгілері бар.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу