Павлодарлықтарды түркиялық қансорғыштар шаға бастады

Климаттың өзгеруіне байланысты олар солтүстік өңірде де көбейді. 

Павлодарлықтарды түркиялық қансорғыштар шаға бастады Фото: Валерий Бугаев

Соңғы жылдары Павлодар облысында дезинсекциялық шараларға баса көңіл бөлінеді. Соның нәтижесінде шыбын-шіркейлердің санын едәуір азайтудың мүмкіндігі туды. Бірақ оның орнын түркиялық қансорғыштар басып жатқанға ұқсайды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Жыл сайын Павлодар облысында қансорғыштарға қарсы өңделетін аумақ көбейіп келеді. Бұған дейінгі мердігер компаниямен жасалған келісімшарт мерзімі аяқталып, қайтадан мемлекеттік сатып алу жарияланған еді. Нәтижесінде алдағы үш жылда бас мердігер – "В и К ЛТД" ЖШС өңдеуге жауапты болады.

Айта кетейік, бұған дейінгі мердігердің өңдеу жұмысы 90%-ға дейін тиімділігін көрсеткен болатын. Бір шаршы метрдегі дернәсілдер саны 1000-нан 230-ға дейін азайды. Бұл тиімділікті одан әрі арттыра түсу үшін биыл өңдеу аумағы көбейе түспек.

Атап айтқанда, бұл жылы 127 мың гектар жерде дезинсекциялық шаралар жүргізіледі. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 55,5 мың гектарға көп. Алғаш рет Ертіс ауданындағы 10 мың гектар, Павлодар ауданындағы 30 мың гектар жайылым да өңделеді. Себебі былтыр дәл осы аудандарда қансорғыштар көп болған еді. Сөйтіп, биыл барлық 38 ауыл өңдеуден өтетін болды. Сонымен қатар, осы жылы Ертіс өзенінің негізгі арнасының 1800 шақырымы үш рет өңделеді. Бұл ретте ауылдардағы тосқауылдық өңдеу жүйесі де өзгереді. Бұрындары бұған жергілікті мердігер жауапты болса, енді шараларды облыстың бас мердігері қолға алады. Жер қойнауын пайдалануға қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Әйгерім Қабылтаева осы және өзге де шаралар өз тиімділігін көрсетуі керек деп есептейді.

Бұл ретте ғалымдар да аталған мәселеге үн қосты. Себебі атқарылатын жұмыстардың өнімді болуы ғылыми топтың нақты кеңестері мен болжамдарына байланысты. Олар қай аумақта өңдеудің қандай түрін жүргізу қажет екенін айтады. Биыл ғылыми сүйемелдеу конкурсын "Биосфера" ЖШС жүргізеді.

Соңғы 20 жылдан астам уақыт бойы шыбын-шіркейге қарсы күрес мәселесін зерттеп жүрген ғалым Қанат Ахметов бірнеше жыл дересінде байқалып жүрген өзгерістерді атады.

"Бұрындары қансорғыштардың көбі құстың қанымен қоректенетін еді. Қазір құстар күрт азайды. Сондықтан олар адамға "шабуыл" жасап, олардың қанын азық ететін болды. Бұл ретте бұрын-соңды біздің облыста байқалмаған қансорғыштардың түрлері пайда болды. Мысалы, бұған дейін тек Түркияны мекендейтін қансорғыштар қазір біздің аймақта да байқалады. Бұл жаһандық климаттың өзгеруін көрсетеді. Сондықтан шыбын-шіркейге қарсы күресті бір сәтке де тоқтатуға болмайды", - дейді профессор.

Айта кетейік, Павлодар облысында алдағы үш жылда дезинсекциялық шараларды жүргізу үшін бюджеттен 7,8 млрд теңге бөлінді. Бұл аралықта барлығы 157 мың келі "Бактицид" пен 11,5 мың литр химиялық препарат өңдеу жұмыстарында қолданылмақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу