Жол-көлік оқиғасы бүгін сағат таңғы 08:00 шамасында республикалық маңызы бар Петропавл – Көкшетау автожолының Кременчуг ауылы маңында болды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жолда 3 жеңіл автокөлік пен екі КамАЗ соқтығысты.
Жантүршігерлік жол апатынан балабақша директоры мен 2 тәрбиешісі қаза тапты. Олар мінген көлік екі жүк көлігінің ортасында қалып қойған. Audi жеңіл автокөлігінің 3 жолаушы да ауыр жарақат салдарынан оқиға орнында көз жұмды. Осы көліктің жүргізушісі мен тағы бір жолаушысы медициналық мекемеге жеткізілді.
Қалған көліктердің жүргізушілері зардап шеккен жоқ.
– Қазіргі уақытта полиция абайсызда екі немесе одан көп адамның өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Оқиғаның барлық себебі мен мән-жайын толық тексеру үшін қажетті сараптамалар тағайындалды, – делінген ресми жауапта.
СҚО Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жол-көлік оқиғасында зардап шеккен көлік жүргізушісі мен жолаушы Тайынша көпбейінді ауданаралық ауруханасына жатқызылды. Дәрігерлер әйелдің жағдайын ауыр деп бағалап отыр.
Қазір апаттың нақты себебі анықталуда.