Петропавлда апаттың салдарынан темір жолды су басты

439

Петропавлда су желісінде болған апаттан соң теміржолды су басты, сондай-ақ бірнеше екі қабатты үй ауласына және кәсіпорын аумағына су кірді, деп хабарлайды inbusiness.kz қала әкімдігіне сілтеме жасап.  

Петропавлда апаттың салдарынан темір жолды су басты Фото: Петропавл қалалық әкімдігі

Петропавлдағы 314-ші атқыштар дивизиясы көшесінде түнде су құбыры жарылып, қаладағы бірнеше шағын аудан сусыз қалған еді. Қазір "Береке" ауданында және Жұмысшы кентінде су жоқ.

"Түнгі сағат 01.00 шамасында "Петропавлда су қысымы төмендеп кетті" деген хабар түсті. Осыдан кейін мамандар оқиға орнына шықты. Оңтүстік-Батыс су желісінде диаметрі 800 мм су құбыры жарылған екен. Бұл су магистралі 2009 жылы жаңғыртылған. Қазіргі уақытта құбырдың жарылуына не себеп болғаны анықталды, Мағжан Жұмабаев көшесіндегі жағдай қайталанып отыр, яғни екі құбырдың қосылған жері ажырап кеткен. Қазіргі уақытта қысымды жоғарылату үшін жұмыс істеп жатырмыз. Зақымданған жерді ауыстыруға қажет заттар бар, жұмыс атқарылуда", - деп су магистраліндегі апатқа қатысты "Қызылжар Су" ЖШС атқарушы директоры Арман Сауытов түсініктеме берді.

Кәсіпорын басшысының айтуынша, құбырдың жарылуынан теміржол учаскесін су басқан. Сондай-ақ "Радуга" ЖШС-нің аумағына және бірнеше екі қабатты үйдің ауласына су кірді. Ол жерлерде бригадалар жұмыс істеп, суды арнайы техникамен сорып жатыр.

"Жұмысты қатты аяз қиындатты. Сондықтан қазір апат болған жерді үстінен жауып, қалған жұмысты соның ішінде атқарамыз. Сондай-ақ екі құбыр қосылған жерді де жылытуымыз керек, өйткені олар дұрыс қабысуы үшін температура жылы болуы қажет. Бізге құбырды қалпына келтіруге бір тәулік уақыт керек. Қазір мұнда 8 бригада жұмылдырылған", - деді Арман Сауытов.

Естеріңізге салайық, бұған дейін Петропавлда құбыр жарылғанын қала әкімі Руслан Аңбаев әлеуметтік желі арқылы жариялағанын жазған болатынбыз. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу