Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мәжіліс кулуарында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
inbusiness.kz тілшісі министрден "Депутаттар "Болашақ" бағдарламасымен бірде-бір орман шаруашылығы маманы даярланбаған деп айтты. Олар оның шешімі ретінде жас мамандарды шетелге жіберуді ұсынып отыр. Сіздер бұл бастамаға қалай қарайсыздар?" деп сұрады.
"Шын мәнінде де, орман шаруашылығы кадрларын даярлау қатты әлсіреп кетті. Біріншіден, "Болашақ" бағдарламасының аясында арнайы инженерлік мамандықтарды қосамыз. Екіншіден, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті негізінде Қытайдың Сиань қаласында орналасқан Солтүстік-Батыс орман шаруашылығы университетімен келісімшартқа қол қойдық. Петропавл қаласында арнайы зертхана ашылады, екіншіден магистратура және докторантура деңгейінде кадрлар даярланады. Тағы да Қазақ ұлттық аграрлық университеті де сол университеттермен қарым-қатынасты күшейтіп жатыр. Бұдан басқа бір америкалық университетпен де келіссөз жүргізіп жатырмыз. "Болашақпен" шетелге жіберу бағдарламасы аясында да бірнеше кадрды дайындаймыз. Бірақ бұл шектеулі. Неге десеңіз, бұл ұзақмерзімді, кадрды тауып, келісімшарттарды құру керек", - деп түсіндірді спикер.
Оның сөзінше, ведомствоның мақсаты – Қазақстанда шетелдік стандарттарға негізделген орман шаруашылығы саласындағы мықты бірнеше ғылыми және оқу орталықтарын ашу.
"Неліктен Қытай десек, мұнда 2 трлн ағаш егілді. Өте ауқымды әрі табысты бағдарлама. Қытай елі орман шаруашылығын жүйелі түрде дамытып жатыр. Олардың осы салада жұмыс істеп жатқан жетекші орман шаруашылығы университеті Петропавлда ашылады. Биыл келісімшартқа қол қойдық, орталық биыл ашылады", - деді Саясат Нұрбек.
Айта кету керек, осыған дейін депутаттар орман шаруашылығы мамандарын шетелге оқуға жіберуді ұсынғанын жазған болатынбыз.