Орман мекемелерінде кадр тапшы. Бұл туралы депутат Еділ Жаңбыршин Мәжілісте өткен Үкімет сағатында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Шығыс Қазақстан облысының 13 орман шаруашылығында 747 орманшы қызмет атқарады, бұл нормативтің 70%-ы. Бір орманшының қамтитын аумағы – 3 мың гектардай. Жүктеме үлкен. Бұдан басқа жалақы мен әлеуметтік қолдау сұрақтары, орман мекемелерінің қызметкерлерін орман өрттерін сөндіру тактикасы мен тәсілдеріне оқыту, сондай-ақ қауіпсіздік техникасын сақтау бойынша сапалы даярлау жүйесінің болмауы өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Жоғары оқу орындарында "орман ісі" мамандығы бойынша гранттар санын арттыру және Төтенше жағдайлар министрлігі оқу орталықтарының базасында орман өрттерін сөндіру станцияларының қызметкерлерін оқыту мен үйретуді қолға алу қажет", - деді депутат.
Сөзінше, Түркия, Оңтүстік Корея, Канада, Балтық елдерінің орман өрттерін алдын алу және оған қарсы күрестің заманауи әрі тиімді шаралары бойынша тәжірибесін зерделеу қажет.
"Сондай-ақ, "Болашақ" бағдарламасы аясында орман саласы мамандықтары бойынша жоғарыда аталған елдерге жастарымызды оқуға жіберу қажет. Біздегі ақпаратқа сәйкес, "Болашақ" бағдарламасы аясында бірде-бір орман шаруашылығы маманы даярланбаған. Орман саласын дамытуға ғылымның іс жүзінде толық қатыспай отырғаны анық", - деп атап өтті Еділ Жаңбыршин.
Ол елімізде орман шаруашылығы саласында жалғыз ғылыми-зерттеу институты барын баса айтты.
"Ә.Н.Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ғылыми-зерттеу институты орман өртін алдын алу, өртенген орманды қалпына келтіру бағытында ғылыми-зерттеу жұмыстарын қарқынды қолға алу қажет. Шетелдің ғылыми орталықтармен де байланыс орнатып, бірлесіп жұмыс жасауда өзекті мәселе", - деді Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин