Pfizer фармацевтикалық корпорациясының басшысы Альберт Бурла коронавирус пандемиясынан кейін әлем бір жылдан кейін қалпына келеді деп болжады, деп хабарлады Inbusiness.kz ABC арнасына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, дегенмен вирустың жаңа мутациялары пайда болып, жыл сайын вакцина ектіру қалыпты жағдайға айналады.
26 қыркүйекте Швецияның бас мемлекеттік эпидемиологы Андерс Тегнелл COVID-19 індетін ешқашан еңсермейтінімізді мәлімдеген еді. "Көптеген елдер бұл пікірмен келіседі, өйткені қанша мықты вакцина болса да, вирусты толықтай жеңе алмаймыз, тек пандемия қарқынын бәсеңдете аламыз", – деді ол.
Бұған дейін ресейлік иммунолог, медицина ғылымдарының кандидаты, қоғамдық денсаулық сақтау сарапшысы Николай Крючков коронавирус вакцинациядан кейін де жұғуы мүмкін, бірақ екпе асқынудың алдын алады дегенді айтты. Оның сөзіне сенсек, аурудың қазіргі динамикасы мен "дельта" штамның таралуы жағдайында вирусты жұқтыру ықтималдығы өте жоғары.
Табиғат Нұрболат