Қарапайым адамдардың өмірі қиындап кетті. Бұл құбылыс тек Қазақстанда емес, әлемде болып жатыр. Сондықтан соғысты тоқтату керек. Мұндай пікірді Астана халықаралық форумында Қасым-Жомарт Тоқаев білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Мемлекет басшысының сөзіне өзге Президенттермен бірге, ұйым басшылары, халықаралық сарапшылар да қосылды. Негізі мақсат – біреу. Қырғиқабақ елдерді диалогқа шақыру. Бүгінгі форумының тақырыбы да осы.
Астанада осымен екінші күн қатарынан халықаралық форум өтіп жатыр. Өздеріңіз білесіздер, пандемия уақытын алмағанда жылда ұйымдастырылып келе жатқан шара. 2019 жылы мұндай ауқымды басқосуға млрд теңге бөлінсе, бұл жолы да солай. Инфляция шарықтап, қымбатшылық жайласа да, бір тиын артық не кем емес. Көпшілікке мұндай жиындар құр рәсуа көрінуі мүмкін. Десе де, ел басшыларымен қатар, алпауыт компаниялардың жетекшілері, ірі бизнесмендер, халықаралық ұйым және қор директорлары, әлемдегі салмақты сарапшылардың басын қосуға мүмкіндік береді.
Ел жетекшілері әлемдегі жағдай тура осылай суретке түскендегідей әдемі емес екенін ұғады. Пандемиядан бас көтере алмай жатқанда, жікке бөліну, саудадағы текетірес, санкциялар, қаржыны шектеу, соғыс осының бәрі дағдарысқа әкеп тіреді. Қазір әлемде тұрақсыздық. Теріс ақпараттар қатты таралып жатыр. Бұл қауіпті одан сайын күшейте түсті. Тоқаев осылай дей келе, диалогтың қажет екенін айтты. Форумның тақырыбы мен мақсаты да сол еді.
"Президент мырза, Сіз делегаттар мен қатысушыларды диалогке шақыратын ашықтық пен төзімділік туралы айттыңыз. Жалпы, форумның сәтті өтуіне қатысты көзқарасыңыз қандай?" - деп сұрады, CNN журналисі Ричард Квест.
"Меніңше, біз қазіргі проблемалардың, адамның өміріне қауіп төндіретін мәселелердің мәніне тереңірек үңілуіміз керек. Шын мәнінде, әлемдегі қарапайым адамдардың өмірі қиындай түсті. Біз, ең алдымен, мұны мойындауымыз керек. Екіншіден, біз атышулы мәселелерге ғана назар аудармауымыз керек. Біз осы шеңберден шығып, бәрімізді біріктіретін мәселелер туралы айтуға тиіспіз. Қысқаша айтса, осы мәселелерді шешуіміз керек. Менің көзқарасым бойынша, диалог пен пікір алмасу және сіз айтқан әділдік текетірестен, соғыс пен қақтығыс идеологиясынан жоғары тұруға тиіс", - деп жауап берді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жығылған үстіне жұдырық. Экономикаға экологиялық дағдарыс қосылды. Судан қазір Астана жұртшылығы ғана емес, әлем тарығып отыр.
"Бұл өзекті проблема өз кезегінде, экономикалық дамуды тежеп, азық-түлікке қауіп-қатер әкеледі. 2040 жылға арналған су стратегия қабылданды. Онда суды үнемді пайдалану, су бұру мәселесі сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету сынды өзекті проблемалар бар", - деді Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров.
"Осы алаңды пайдалана отырып, халықаралық серіктестер мен инвесторлардың назарын Орталық Азиядағы экологиялық мәселелерге аударғым келеді. Бұл орайда Арал апатының салдарын ескеру маңызды. Сонымен қатар .мемлекет басшылардың мықты саяси ерік жігері мен дәйекті іс-қимылдарының арқасында Орта Азияда жаңа сенімнің атмосферасы қалыптасты. Ең күрделі мәселелерді шешуде диалог арқылы нәтижеге қол жеткізге болады. Шекара ашылуы, тансшекаралық су, жаңа марштруттардың қосылуы, мәдени алмасу соның басты дәлелі", - деді Өзбекстан Премьер-министрі Абдулла Арипов.
Қиындықтарға қарамастан экономикаға қатысты көңілге жағар болжам бар. Халықаралақ валюта қорының басшысы Қазақстанда да жағдай жаман болмайды дегенге келтірді.
"Осы жылы Қазақстан 5 пайыздық өсімге жетеді деп болжаудамыз. Жаһандық өсім 2,8 пайыз болады. Алаңдататын нәрсе –пандемия зардаптарынан кейін кедейшілік, аштық көрсеткіштері өсіп жатқан елдер бар. Меніңше біз Дұрыс шешім қабылдамай жатқан сияқтымыз. Қарқынды дамымай жатқан экономиканы одан сайын баяулатып жатқандай көрінеді маған. Сондықтан, егерде біз мұның барлығын белгілі бір алдын алу іс шараларынсыз өткізетін болсақ, әлемге онда зор шығын келеді", - деді Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристалина Георгиева.
Адам саудасы да өзекті мәселеге айналды. Әйелдер мен қыздардың құқықтары да күн тәртібінен түспей тұр. Бұл да жылы жауып қоятын тақырып емес. Соғыс пен қақтығысты тоқтатпасақ, алдағы 10 жылдықта тұралап қаламыз. Кедей мен байлардың арасы алшақтап, әлеуметтік теңсіздік күшейе түседі. Ал бұл мемлекеттің шайқалуына әкеледі. Міне осының барлығын тек бетпе бет сөйлесіп, бейбіт түрде шешуге болады. Форумның негізі осылай түйінделді.