Президент қарауына ҰҚШҰ мүше елдер келісіміне өзгерістер енгізу ұсынылады

173

Құжат жобасы 2024 жылғы 5 қарашаға дейін қоғамдық талқылауға ұсынылып отыр.

Президент қарауына ҰҚШҰ мүше елдер келісіміне өзгерістер енгізу ұсынылады Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қарауына Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің ынтымақтастығы туралы келісім (2015 жылғы 15 қыркүйектегі) аясында әскери және басқа да құралымдарды, олардың жылжымалы мүлкін, сондай-ақ әскери мақсаттағы өнімді тасымалдау саласына өзгерістер енгізу ұсынылады.

Құжат жобасы "Ашық НҚА" сайтында жарияланды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

"Әскери және басқа да құралымдар" деген сөздерден кейін "құралымдар қолбасшылығына тағайындалған жеке құрам" деген сөздермен толықтырылсын. "Ұлттық ұлан" деген сөздерден кейін "полиция әскері" деген сөздермен толықтырылсын. Өткізу пункттерінде "мемлекеттік шекараны кесіп өтуді" деген сөздер "өткізу пункттерінде мемлекеттік шекараны кесіп өту қағидаларын сақтауды бақылауды жүзеге асыруға қару-жарақты, әскери техника мен әскери-техникалық мүлікті транзиттеуге рұқсат беруге" деген сөздермен ауыстырылсын", – делінген жобада.

Сондай-ақ, төтенше жағдайлар салдарын жоюдың қасына гуманитарлық көмек көрсету деген тіркесті енгізу ұсынылып отыр.

Сонымен қатар, құжатта айтылғандай, тасымалдау, транзиттеу тараптардың уәкілетті органдары алдын ала келіскеннен және жоспарлағаннан кейін ғана жүзеге асырылады. Қару-жарақты, әскери техника мен әскери-техникалық мүлікті транзиттеу тараптардың құзыретті органының тиісті рұқсатымен жүзеге асырылады.

Тараптар депозитарийді осы келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындағаны туралы хабарлаумен бір уақытта уәкілетті және құзыретті органдарды тағайындау туралы хабардар етеді. Депозитарий тараптардың уәкілетті және құзыретті органдарының тізбесін тараптарға жібереді.

Құзыретті орган өзгерген жағдайда 30 күн мерзімде дипломатиялық арна арқылы депозитарийді хабардар етеді, ол белгіленген тәртіппен бұл туралы басқа тараптарды хабардар етеді.

"Келісімге қатысушы емес мемлекеттердің аумағы бойынша транзиттеу қабылдаушы тарап және жіберуші тарап немесе ҰҚШҰ-ға мемлекеттермен жасаған тиісті шарттарда көзделген тәртіппен жүзеге асырылады. Тараптар бұл үшін қажетті нормативтік құқықтық базаны қалыптастыру үшін күш-жігер жұмсайды", – деп жазылған хаттамада.

Одан бөлек, тасымалдауды жүзеге асыру кезінде апат болған жағдайда жәбірленуші тарапқа қажет болған кезде оқиғаның салдарын жою жұмысын жүзеге асыру үшін тиісті ақпаратты, күштер мен құралдарды дереу беріп, салдарын уақтылы жою және олардың себептерін тергеп-тексеру шараларын қабылдайды.

Бұл ретте іздеу-құтқару іс-шараларын тараптардың тағайындалған күштері мен құралдары өтеусіз негізде ұйымдастырады.

Еске сала кетсек, биыл маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ-ға мүше елдер Парламенттері палаталарының спикерлерімен кездесті.

Мемлекет басшысы заң шығару органдарының спикерлеріне ілтипат білдіре отырып, Ресейдің ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясына тұрақты мәртебе беру туралы ұсынысын қолдайтынын айтты. Президент басқа елдердің делегацияларын осы бастаманы қолдауға шақырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу