Президент сайлауы: Кандидаттарды қолдау штабтары жұмысын бастады

1928

Қазақстанда президент сайлауы 20 қараша күні өтеді.

Президент сайлауы: Кандидаттарды қолдау штабтары жұмысын бастады

23 қыркүйек пен 21 қазан аралығында республикалық қоғамдық бірлестіктер мен саяси партиялар 12 тұлғаны Орталық сайлау комиссиясына үміткер ретінде ұсынған болатын. Соның алтауы президенттіктен үміткер ретінде тіркеліп, президенттікке кандидаттар бүгін сағат 18.00-ден бастап үгіт-насихат жұмыстарына кірісуге рұқсат алып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Олар:

1. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев – Қазақстан Республикасының қазіргі Президенті.

Оның кандидатурасын бірнеше саяси партия мен республикалық қоғамдық бірлестік халықтық коалиция ретінде ұсынды. Орталық сайлау комиссиясы Қасым-Жомарт Тоқаевті 12 қазанда үміткер ретінде тіркеді.

Сондай-ақ бүгін 21 қазан сағат 18.00-де ҚР Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі Республикалық қоғамдық штаб еліміздің барлық өңірінде үгіт-насихат науқанын бастады.

Республикалық қоғамдық штабқа 3 парламенттік саяси партиядан және 22 республикалық қоғамдық ұйымдардан тұратын Халықтық коалицияның өкілдері кірді.

Бүгін Халықтық коалицияның белсенділері еліміздің барлық өңірінде үгіт-насихат баспа өнімдерін тарату және ақпараттық материалдарды БАҚ пен әлеуметтік желілерге жариялауды бастады.

2. Мейрам Зекешұлы Қажыкен – "Заманауи қоғамды зерттеу институты" ЖШС директоры.

Сонымен қатар бүгін Президенттікке үміткер Мейрам Қажыкеннің де сайлауалды штабының ашылуы өтті. Штаб Сығанақ көшесі 43, "Аңсар" бизнес-орталығы мекенжайында орналасқан. Бұл күні сонымен бірге оның үгіт-насихат науқаны да басталды.

Мейрам Қажыкен келген қонақтарға өзінің сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары туралы айтып берді. Бағдарламаның басты фокусы – жасы, жынысы, ұлты, діні мен әлеуметтік мәртебесіне тәуелсіз Адам болып табылады. Бағдарлама барлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, оларды іске асыру үшін баршаға тең мүмкіндіктер жасауға бағытталған.

Оның канидатурасын "Аманат" Қазақстан кәсіподақтарының достастығы" республикалық қоғамдық бірлестігі ұсынды. М.Қажыкенді Орталық сайлау комиссиясы 15 қазанда президенттікке кандидат ретінде ресми тіркеді.

3. Жигули Молдақалықұлы Дайрабаев – "Қазақстан фермерлер одағы" қауымдастығының президенті.

Оның кандидатурасын "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясы ұсынды.

Орталық сайлау комиссиясы Ж.Дайрабаевті 17 қазанда кандидат ретінде тіркеді.

Бүгін Астанада Қазақстан Республикасының Президенттігіне "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан кандидат Жигули Дайрабаевтың республикалық штабының ресми ашылуы өтті. 

Кандидаттың республикалық штабының басшысы Төлеутай Рахымбеков штаб жұмысын аша отырып, құттықтау сөз сөйледі. Ол кандидатты таныстырып, сайлау науқанын өткізу жоспарлары туралы айтты.

4. Қарақат Жақсылыққызы Әбден – Астана қаласы мәслихатының VI шақырылымының депутаты, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, Астана қоғамдық кеңесінің мүшесі, Астана әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі.

Оның кандидатурасын "Кәсіби әлеуметтік жұмыскерлер Ұлттық альянсы" республикалық қоғамдық бірлестігі ұсынды.

Қарақат Әбденді Орталық сайлау комиссясы 19 қазан күні кандидат етіп тіркеді. 

5. Салтанат Пархатқызы Тұрсынбекова – ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, "Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан" жобасының негізін қалаушы.

Астанада үгіт-насихат жұмыстарының басталуы қарсаңында ҚР Президенттігіне кандидат Салтанат Тұрсынбекова штабының ұйымдастыру комитетінің мәжілісі өтті.

Оның канидатурасын "Қазақ аналары – дәстүрге жол" республикалық қоғамдық бірлестігін ұсынды.

Орталық сайлау комиссиясы Салтанат Тұрсынбековаға кандидат куәлігін 20 қазанда тапсырды

6. Нұрлан Сатыбалдыұлы Әуесбаев – Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Астана қалалық филиалының төрағасы.

Оның кандидатурасын Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы ұсынды.

Бүгін Республикалық сайлауалды штаб кеңсесінде Жалпыұлттық социал-демократиялық партиядан ҚР президенттігіне үміткер Нұрлан Әуесбаевтың сайлауалды штабын ашу жөніндегі ұйымдастыру комитетінің жиыны өтті. Шараға партияның Саяси кеңесінің мүшелері мен қоғам белсенділері қатысты.

Нұрлан Әуесбаевті Орталық сайлау комиссиясы алтыншы үміткер ретінде тіркеді.

ОСК мәліметі бойынша, президент сайлауына қатысатын әр кандидатқа үгіт-насихат жүргізуі үшін шамамен 10 млн теңге бөлінуі керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу