Президенттің "Цифрлық Қазақстанды" қайта қарау тапсырмасы қалай орындалып жатыр

518

Премьер-министр Үкімет отырысында қарастыру үшін "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасының жаңартылған редакциясының жобасын енгізуді тапсырды.  

Президенттің "Цифрлық Қазақстанды" қайта қарау тапсырмасы қалай орындалып жатыр

Премьер-министр Асқар Мамин ҚР Президенті жанындағы Цифрландыруды енгізу мәселелері жөніндегі комиссияның отырысын өткізді, деп хабарлайды  primeminister.kz.

"Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасын жетілдіру, ішкі істер органдарын цифрландыру және жер телімдері мен инженерлік коммуникациялардың цифрлық картасын жасау мәселелері қаралды.

Атқарылып жатқан жұмыстар туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Б. Мусин, ішкі істер министрі Е. Тұрғымбаев, ауыл шаруашылығы министрі С. Омаров, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б. Атамқұлов, энергетика министрі Н. Ноғаев баяндама жасады.

Биылғы жылдың сәуір айында Мемлекет басшысы төтенше жағдай режимінде цифрландыру жөніндегі жұмыстың нәтижелеріне талдау жасауды және бөлінген қаражатты қайта бөле отырып, "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасын қайта қарауды тапсырды. Қойылған міндеттерді шешу шеңберінде мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар, АКТ саласының мамандары және бизнес-қоғамдастық өкілдері "Цифрлық Қазақстан" жаңартылған жобасының 10 басымдықты бағытын әзірледі (бұрын 5 бағыт). Олар әлеуметтік қатынастар саласын цифрландыруды, энергетика мен өнеркәсіпке арналған "Индустрия 4.0" технологиялық платформасын, AgriTech және Govtech технологиялық платформаларын құруды, сапалы АКТ инфрақұрылымын және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді, "Smartcity" технологиялық платформасын іске асыруды, азаматтардың қауіпсіздік деңгейін арттыруға арналған цифрлық құралдарды, "FinTech" және электрондық сауданы, жасанды интеллектті дамытуды және инновациялық экожүйені құруды қамтиды.

Мемлекеттік бағдарламаның жаңартылған редакциясында мемлекеттік органдардың, денсаулық сақтау және білім беру жүйелерінің жұмысын жақсарту, FinTech секторының мүмкіндіктерін кеңейту, ақылды қалалар жүйесін әзірлеу, АКТ инфрақұрылымын дамыту жобаларына ерекше назар аударылды. 

Полиция қызметін цифрландыру шеңберінде Бірыңғай ақпараттық-талдау жүйесін құру және ІІМ Ахуалдық орталығын жаңғырту, азаматтардың өтініштерін қабылдаудың түрлі арналарын ықпалдастыру, облыс орталықтарын, республикалық маңызы бар қалалар мен елорданы бейнебақылау жүйесімен толық жабу, "Цифрлық полицей" жобасын іске асыру, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің Кешенді қауіпсіздік жүйесін құру және басқа да шараларды іске асыру көзделген. 

Жер қоры және жылжымайтын мүлік объектілері туралы ұлттық дерекқорды құру шеңберінде "Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры" ақпараттық жүйесін қалыптастыру, кеңістіктік деректердің Ұлттық инфрақұрылымын және цифрлық ауыл шаруашылығы карталарын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізілуде. Жер ресурстарын цифрландыру қорытындысы бойынша бүкіл ҚР аумағында ашық пайдаланылатын цифрлық карта, жер қатынастары және сәулет саласында электрондық қызметтер көрсету құрылып, жер учаскелеріне құқық беру мерзімі 1 жылдан 20 күнге дейін қысқартылады, мемлекеттік акті, жерге орналастыру жобасы, сондай-ақ жер комиссиясы алынып тасталады. 

Жалпы "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасын өзектендіру аясында ағымдағы 125 іс-шараға қосымша 145 жаңа іс-шара, 3 жаңа индикатор және 41 көрсеткіш әзірленді. Осылайша, мемлекеттік бағдарламаның жаңа нұсқасында 15 индикатор, 67 көрсеткіш және 270 іс-шара қамтылған.

Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру нәтижесінде 2025 жылға қарай мемлекеттік қызметтердің 100%-ын онлайн-форматқа көшіру, цифрландыру саласына инвестициялар көлемін 500 млрд теңгеге дейін жеткізу, IT және электрондық өнеркәсіп экспортының көлемін 200 млрд теңгеге дейін жеткізу, 1 мыңнан астам жаңа инновациялық компанияларды құруға және 100 мың IT-маманды даярлауға ықпал ету жоспарлануда.

Премьер-министр Үкімет отырысында қарастыру үшін "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасының жаңартылған редакциясының жобасын енгізуді тапсырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу