Алаяқтар азаматтарды алдау үшін әлеуметтік инженерия, жалған сайттар мен мобильді қосымшалар, жасанды интеллект және психологиялық қысым сияқты әдістерді кеңінен пайдаланып жүр.
Оның айтуынша, алаяқтардың ең көп қолданатын тәсілдерінің бірі – өзін банк қызметкері ретінде таныстырып қоңырау шалу. Олар азаматқа оның атына несие рәсімделіп жатқанын немесе шотында күмәнді операция тіркелгенін айтып, адамды үрейлендіреді. Артынша әңгімеге өзін полиция немесе басқа құқық қорғау органының қызметкері ретінде таныстырған адам қосылады.
"Алаяқтар азаматтарды ақшасын сақтау үшін арнайы “қауіпсіз шотқа” аудару керек деп сендіреді. Бірақ банк те, мемлекеттік орган да ақшаңызды сақтау үшін белгісіз шотқа аударуды талап етпейді", – деді Талант Қалиев.
Прокурордың сөзінше, тағы бір кең тараған схема – жалған SMS-хабарламалар. Мәселен, адамға несие мақұлданғаны немесе оның мәртебесі өзгергені туралы хабарлама келіп, ішіндегі сілтеме арқылы сайтқа өту ұсынылады. Жалған ресурста телефон нөмірі, жеке куәлік мәліметтері, банк картасының деректері және SMS арқылы келген код сұралуы мүмкін.
"Адамдар мұндай сілтемелерге кіріп, жеке мәліметтерін бермеуі керек. Себебі кейін бұл ақпарат олардың шоттарындағы қаражатты иемдену үшін қолданылуы мүмкін", – деп ескертті прокурор.
Қалиев жасанды интеллекттің де алаяқтардың жаңа құралына айналғанын атап өтті. Қазір қылмыскерлер адамның жақынының дауысын ұқсатып, төтенше жағдайға тап болғанын айтып, шұғыл ақша сұрай алады.
"Туысыңыздың дауысын естігеніңізге бірден сене салмаңыз. Мұндай жағдайда әңгімені тоқтатып, жақыныңызға өзіңіз білетін телефон нөмірі арқылы қайта қоңырау шалып, жағдайын анықтап алған дұрыс", – деді Талант Қалиев.
Сонымен қатар ол банк картасын, есепшотты немесе банк қосымшасына кіру мүмкіндігін ақша үшін басқа адамдарға берудің қауіпті екенін айтты. Мұндай шоттар арқылы алаяқтық жолмен алынған қаражат өтуі мүмкін.
Қазақстанда 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап дропперлік әрекет үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілген. Қылмыстық кодекстің 232-1-бабына сәйкес, жағдайға байланысты жаза мүлікті тәркілей отырып, жеті жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.
"Бірнеше ондаған мың теңге үшін бірнеше жылға бас бостандығынан айырылудың қажеті жоқ", – деді прокурор.
Талант Қалиев азаматтарға SMS-кодтарды, құпиясөздерді, CVV/CVC кодтарын және банк картасының мәліметтерін бөгде адамдарға бермеуге кеңес берді. Сондай-ақ бейтаныс адамның нұсқауымен қашықтан басқаруға арналған қосымшаларды орнатпау және күмәнді сілтемелерді ашпау қажет.
"Алаяқтар адамды әдейі асықтырады, қорқытады және шешімді дәл қазір қабылдауды талап етеді. Кейде болған жағдайды ешкімге айтпауға да көндіруге тырысады. Мұндай сәтте қаржылық шешім қабылдамаңыз", – деп атап өтті ол.
Прокурор алаяқтардан қорғанудың басты жолы – асықпай, ақпаратты тексеру екенін айтты.
"Басты қағидат – тоқтаңыз және ақпаратты тексеріңіз. Телефонды қойып, банкке, туысыңызға немесе мемлекеттік органға ресми нөмірі арқылы өзіңіз хабарласыңыз. Бірнеше минуттың өзі ақшаңызды сақтап қалуға мүмкіндік береді. Есте сақтаңыз: “қауіпсіз шот” деген болмайды, ал SMS-код пен банк картасының деректерін бөгде адамға айтуға болмайды", – деді Талант Қалиев.