Психикалық ауытқуы бар науқастар орталыққа сыймай жатыр

699

Ал Атырауда психикалық ауытқуға шалдыққан науқастарға арналған орталық лық толы. 

Психикалық ауытқуы бар науқастар орталыққа сыймай жатыр Фото: Ақ Жайық

Облыстағы жалғыз мекеменің көмегіне қазір 150 адам зәру. Ақыл есі кем азаматтарды үнемі үйде ұстау мүмкін емес. Сол себепті кейбір азаматтарды жақындары өзге облыстардағы орталыққа жіберген. 

Психикалық ауытқуы бар азаматтардың алды бұл орталыққа 40 жыл бұрын келген. Солардың бірі Татьяна Матвеева. Дерттің жеңіл түрімен сырқаттанған ол мамандардың көмегімен бойдағы үрейді жеңіп, кейіннен қолөнермен айналысқан. 

Татьянадан бөлек мекемеде 300 адам емделеді. Кейде науқастардың арасында етжақындары келіп, бір жола үйге алып кететіндері де бар екен. 

"Былтыр екі қызмет алушымызды жақындары үйлеріне алып кетті. Кезінде ол бала сәби болды. Әкесі, жолдасын, яғни балаларының анасын тапсырған. Кейін баласы өскесін анасын өз қамқорлығына алды. Екіншісі де анасын шығарып алып, Құрманғазы ауданына алып кетті", дейді № 1 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Гүлнәр Зинеденова. 

Облыста мінез құлқы бұзылып, іс әрекетін тежей алмайтын тағы 150 адам кезекте тұр. Олар білікті маман көмегіне зәру. Өзекті проблемадан хабардар жауаптылар орын тапшылығын жою үшін тағы бір орталықтың құрылысын жүргізуде. Оған қазынадан 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. 

"Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары тығыз жүріп жатыр. Бұйырса осы екінші жартыжылдықта, маусым шілде айларында толық іске қосылғаннан кейін, кезекте тұрған ересектерді толығымен сол жерге орналастырамыз. Сол кезде бұл проблема шешіледі", дейді Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов.

Жылдар бойы кезегін сарыла күткендерге тағы жарты жыл шыдауға тура келеді. Бюджет есебінен ашылатын ғимарат жұмысы орта жолда қалмаса болғаны. Айта кетейік, психикалық ауытқуы бар азаматтарды тәрбиелейтін мамандарға да жағдай жасалған. Жұмысы ауыр қызметкерлердің жалақысы өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда артыпты. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу