Кеше жауап алынған күдікті Шынасыл Абзал "Шерзатты емес, Нұрқанатты пышақтағанын" айтқан еді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бүгін сот отырысында 16 жастағы марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымовтың істі тергеушімен болған диалогы оқылды.
Ол Шерзатқа пышақ салған адамды көрмеген, бірақ қалған жігіттердің Нұрқанаттан соң, Шерзатты қайтадан жабылып ұрғанын жеткізген.
– ...Арасында болды, тепкіледі. Әрі қарай Нұрқанатқа пышақты кім тыққанын көрген жоқпын. Бірақ, Нұрқанат сол жерде жатып қалды. Баламның артқы жағынан біреу пышақты тыққан. Балам артқа қарай отырып қалды. Сол жерде қан құсып жіберді. Сосын жанына барып, "не болды саған?" деп сұрағанымда, мына жағын көрсетті, арқа тұсын. Қарасам, пышақ тыққаны көрініп тұр. Балам сол жерде жатып қалды. Қалған жігіттер Нұрқанатты ұрып-тепкілеп болғаннан кейін, менің баламды жабылып ұрды. Мылтықтың басымен ұрды. Ешқайсысы қарап тұрған жоқ. Бәрі тепкіледі, ұрды, соқты, – деген ол тергеушіге берген жауабында.
Еске салайық, осыған дейін Шерзат Полаттың анасы Гүлбара Бишимбиева да сотта жауап беріп, айыпталушы Нұрқиястың қолынан мылтық көргенін айтқан еді.
– Нұрқияс (Ілиясов) Шерзаттың басынан ұрып жатқан кезде, баламды қорғап оң қолымды тосып қаламын. Қолыма тиеді, содан кейін желке тұсынан 3-4 рет ұрады. Сол кезде бұлар менің айғайлағаныма да қараған жоқ. Нұрқияс та "тыныш тұр, осы мылтықпен сені де ұрамын" деп айтты, – деген болатын сонда Шерзат Полаттың анасы.
Бұған дейін сотта ағайынды Тоқтаубаевтардың адвокаты ауысқанын жазған едік.