Рейдерліктен қорыққан стартапшыларға АХҚО-ға жүгінуге болады – Сарапшы

643

Қырғыз кәсіпкерлері Astana халықаралық қаржы орталығымен заңгерлік байланыс орнатпақшы.  

Рейдерліктен қорыққан стартапшыларға АХҚО-ға жүгінуге болады – Сарапшы

Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түркіменстан елдерінің сарапшылары Орталық Азиядағы ІТ-кәсіпкерліктің мүмкіндіктері мен қатерлерін талқылады. USAID кәсіпкерлік пен бизнес ортаны дамыту жобасының аясында өткен бейнеконференцияда ІТ-нарықтағы тың идеяларды клондау мен рейдерліктен қорғау мәселесі сөз болды. Бес елдің сарапшылары да идеяға "жиендік жасау" туралы күдіктер мифтік деңгейге шығып үлгергенін атады.

"Бізде де мұндай мәселе бар.  Стартап-жобасын ұсынушылардың көбі инвесторлармен алғашқы сұхбатын "менің идеямды ұрлап алмайсыздар ма" деген сауалдан бастап жатады. Мұндай сауалдар кейде инвесторды үркітуі де мүмкін. Мен мұндай жағдайларда тіпті инвестордың жағындамын", – дейді өзбекстандық IT PARK өкілі Саша Стерник.

Ал қырғызстандық KG Labs қоғамдық қорының басшысы Азиз Солтобаев ІТ-стартап нарығында идея клондау қалыпты құбылысқа айналғанын, егер автор өз жобасын іске асырудың қыр-сырын бүге-шүгесіне дейін біліп тұрса, "жиендік жасаушылардан" қорқудың қажеті жоқ екенін айтады.

"Стартапшыларға қатысты проблема бар. Егер инвесторға идеямызды айтып бастасақ, ұрлап қоюы мүмкін деген үрей бар. Тіпті ұрлап алған күннің өзінде өз идеяңызды жан-жақты ойластырған болсаңыз, ала берсін. Бұл нарық заңы. Оған қарсы қояр амал да жоқ. Мысалы, гугл-андроидтың түрлі көшірмелері бар. Оны көшіргендердің бәрі табысты болып кетіп жатқан жоқ. Рейдерлік тартып алу туралы айтсақ, мәселе заңнамалық базаға, сот әділдігіне келіп тіреледі. Біздің Қырғыз Республикасында бұл тұста күрделі проблема бар. Ірі кәсіпкерлер одан қорғану үшін шетелде тағы резиденцияларын ашып жатады. Кейінгі кезде Астана халықаралық қаржы орталығында да осындай резиденциялардың қызықты формалары пайда болды. Қырғыз кәсіпкерлері қазір өз юрисдикциясын сонда құрылымдауды ойластырып жатыр. Өйткені Астанадағы орталықпен жұмыс істеу өте қолайлы. Мұнда бәрі ағылшындық құқық бойынша қорғалған", – дейді  ІТ-сарапшы.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу