Ресейде COVID-19 бәсеңдегенге дейін шекара ашылмайды – ҰҚК

736

Шетелдік жұмысшылар тізім бойынша енгізілмек.  

Ресейде COVID-19 бәсеңдегенге дейін шекара ашылмайды – ҰҚК

Ұлттық қауіпсіздік қызметінне қарасты Шекара комитетінің мамандары коронавирус кесірінен елден шетке шыға алмай қалған азаматтардың сауалдарына тікелей эфирде жауап берді.

Шекара басшыларына әсіресе шетелде білім алып жатқан жастардан көптеген сауалдар түсті.

"Шетелде оқып жатқан студенттер сондағы оқу орны жазбаша түрде шақырған жағдайда шыға алады. Сондай-ақ, шетелде ықтияр хаты бар Қазақстан азаматтары, миграциялық визасы бар адамдар шекарадан жіберіледі. Туысы ауырған жағдайда, жерлеу рәсіміне қатысу керек болған жағдайда да алдын ала өтініш жазу арқылы шетелге шығуға болады", – деді Шекаралық бақылау департаменті басшысының орынбасары Олег Кисенко. 

Ал шетелдік жұмысшыларға Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов  басқаратын ведомствоаралық комиссия тізім бойынша рұқсат береді.

"Шетелдік жұмысшыларды елге кіргізудің тәртібі бар. Ол мейлі Ресей азаматы болсын, мейлі АҚШ азаматы болсын, мейлі Өзбекстан азаматы болсын, коронавирус індетін таратпау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның жеке қарауына түседі. Сол комиссия әр жағдай бойынша жеке шешім қабылдайды. Компаниялар мен заңды тұлғалар шетелдік жұмыс күшін осы комиссияның рұқсатымен ғана кіргізе алады. Бұрынғыдай еңбек келісімшарты арқылы кіру әзірге қарастырылып отырған жоқ", – деді Олег Кисенко.

Ал Ресеймен арадағы шекара екі жақта коронавирус әбден тоқтағаннан кейін барып ашылмақ.

"Елдегі 51 шекаралық өткізу бекетінің 20-сы уақытша жабық. Ресеймен шекарадағы 10 бекетте трансшекаралық қозғалысқа үлкен әсері болмағандықтан өткізу жанданған жоқ. Жалпы алғанда жағдай тұрақты. Шектеулердің әсерінен қазір жолаушылар ағыны қысқарған. Ресейге өтушілерге мемлекет тарапынан қызмет уақтылы көрсетілуде. Айрықша айтатындай қарбалас жоқ әзірге",  – деді ҰҚК өкілі.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу