Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастық пен өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері талқыланды.
Қазақстандық тарап Қытай нарығына органикалық ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуге қызығушылық танытты. Тараптар "таза энергия", жасыл даму және IT-технологиялар саласындағы жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асырудағы айтарлықтай әлеуетті атап өтті. Сондай-ақ екі ел арасындағы жүк тасымалы мен тұрақты әуе қатынасының жағдайы туралы жан-жақты пікір алмасу болды.
Р. Скляр Чжан Сяоны келе жатқан Қытай Жаңа жылымен, сондай-ақ ағымдағы жылдың ақпан айында Бейжіңде өтетін XXIV қысқы Олимпиада ойындарымен құттықтап, осы айтулы шараның сәтті өтуіне тілектестік білдірді.
Чжан Сяо Қазақстанмен ынтымақтастық Қытайдың сыртқы саясатындағы басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. Қазақстанның жақын көршісі және досы бола отырып, кез келген тәуекелдер мен қиындықтарға қарамастан Қытай сенімді серіктес болып қала беретінін және қазақстандық тарапқа қажетті қолдау мен көмек көрсетуге дайын екенін айтты.
Екі ел арасындағы қарым-қатынас тығыз сындарлы диалог пен өзара тиімді ынтымақтастыққа негізделген. БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК сияқты халықаралық құрылымдар аясында екі ел арасында тығыз өзара іс-қимыл жолға қойылған.
Қазақстан мен Қытай арасындағы 30 жылдан астам дипломатиялық қарым-қатынас кезеңінде стратегиялық серіктестік жаңа деңгейге көтеріліп, барлық шекаралық мәселелер түпкілікті реттеліп, берік құқықтық база құрылды.
Қытай Қазақстанның ірі сыртқы сауда және инвестициялық серіктестерінің бірі болып қала береді, 2021 жылдың 11 айында тауар айналымы $17 млрд-ты құраған.
Тараптар стратегиялық серіктестікті толық жүзеге асыра отырып, екі мемлекеттің халықтарының игілігі үшін сауданы, инвестицияны және ірі жобалардағы ынтымақтастықты дамытуды жалғастыруда.