Рудныйда техногендік төтенше жағдай жарияланды

710

Қостанай облысының Рудный қаласында техногендік Төтенше жағдай жарияланды. 130 мың тұрғыны бар шахардағы жылу жүйесінің 70 пайызы тозған. Магистральды құбырлар жарыла берген соң, дабыл қағуға мәжбүр болдық дейді, билік басындағылар. 

Рудныйда техногендік төтенше жағдай жарияланды Фото: Baribar.kz

Рудныйда 24 көпқабатты, 60-ға жуық жеке сектордағы үй мен 16 ғимарат жылусыз қалды. Абырой болғанда, құбыр шұғыл жөнделді. Бірақ әбден тозған магистраль жаз шыққанша шыдас бермеуі мүмкін. 

Бірнеше шағын ауданға жылу беретін алып құбыр бір айда бес рет жарылып, әбден әбігерге салған. Одан атқылаған суды сорып алу үшін сорғыштар іздеу де қиынға соққан. Тіпті, бір қосалқы бөлшек сатып алу үшін тендер жариялап, бір ай күту керек. Осы күрмеуі тоқсан шараларды жеңілдету үшін қала әкімі техногендік төтенше жағдай жариялаған. 

"Техногендік сипаттағы төтенше жағдай жылу маусымы аяқталғанша сақталады. Қазір қалада жарылған құбыр жоқ, алайда қандай жағдайға да дайын болу керекпіз. Жергілікті бюджетте төтенше жағдайларға қаржы бөлінген. Соны енді  заң жүзінде пайдалана аламыз. Әрі қосымша жұмыс күшін тартуға да құқығымыз бар", дейді Рудный қаласы әкімінің орынбасары Азамат Ысқақов. 

Кеншілер қаласындағы жылу құбырларының 70 пайызы ескірген. Жылда кіші жылу құбырлары жиі жарылатын. Ал, биыл бірнеше шағын ауданға жылу тарататын алып құбырлар істен шығуда.

Рудный қаласы әкімдігі жылу құбырларын жөндеуге республикалық бюджеттен 11 млрд теңге сұратқан. Өтініш орындалса тозығы жеткен жылу құбырларының көлемі 40 пайызға дейін азаяды. Бір қызығы, жұмада төтенше жағдай жариялауға шешім шығарған қала әкімі Қуандық Испергенов бүгін орынтағын босатты. Шахар басшысы басқа қызметке ауысқан көрінеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу