Бүгін ҚР қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті мамандандырылған басқармасының бас сарапшысы Ғалиасқар Әбуов еліміздің жаңа Салық кодексіндегі өзгерістерді түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Жаңа салық кодексін әзірлеу барысында ең алдымен мемлекет басшысының тапсырмаларын басшылыққа алдық. Ол тапсырмаларға сәйкес, пайдалы қазбалардың өсімін қамтамасыз ету үшін белсенді түрде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуіміз қажет. Бұған қоса, экономикалық өсімнің тұрақтылығы үшін мұнай-газ және кен-металлургия кешендерінің маңыздылығын сақтау қажет болды. Осылайша жаңа Салық кодексінде жер қойнауын пайдалану саласындағы инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында бірнеше шара қабылданды. Кейбір салықтар алынып, кейбірінің мөлшерлемелері төмендетілді", - деді ол.
Мәселен, бас сарапшының айтуынша, 2018 жылдан бастап тау-кен секторы үстеме пайда салығынан босатылды. Қатты пайдалы қазбаларды барлауға, өңдеуге лицензиялар бойынша тарихи шығындарды өтеу алынып тасталды.
"Салық кодексіне жаңа салық енгізіліп отыр. Бұрын бұл салық түрі болған емес. Ол жер қойнауын пайдалануға балама салық деп аталады. Бұл салық теңіз бен аса терең кен орындарына арналған. Аталған салықты төлеу құқығын алу үшін жер қойнауын пайдаланушылар өзі тіркелген салық органына хабарлама беруі қажет. Хабарлама беру мерзімдері көретілген. Хабарлама бермеген жағдайда жалпы тәртіпке сәйкес жұмысын жалғастыра береді. Ал балама салық 4 салықтың орнына төленетін болады. Атап айтқанда жер қойнауын пайдаланушы үстеме пайда салығынан, экспорттық рента салығынан, тарихи шығындарды өтеу төлемдерінен және пайдалы қазбаларды өндіру салығынан босатылады", - деді Ғалиасқар Әбуов.