Салықтық жеңілдіктер: кәсіпкерлер 200 млрд теңге үнемдеген

950

ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин салықтық жеңілдіктер нәтижесінде шағын және орта бизнес өкілдері шамамен 200 млрд теңгені үнемдегенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Салықтық жеңілдіктер: кәсіпкерлер 200 млрд теңге үнемдеген

Ол шағын және орта бизнесті дамыту экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңызды факторы екенін жеткізді. 

"Бизнестің дамуына барынша қолайлы жағдай жасау үшін ауқымды конструктивті жұмыс жүргізіліп жатыр... Нәтижесінде экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі 2021 жылға арналған кешенді жоспар жаңартылды. Онда шағын және орта бизнес субъектілерін қолдаудың қосымша 60-тан аса шарасы көзделген", - деді Премьер-министр Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, бұл шаралар бизнеске жүктемені азайтуға, салықтық әкімшілендіруді жеңілдетуге, мемлекеттік сатып алуға қолжетімділікті арттыруға, әрі кәсіпкерлік қызметті реттеуге қатысты. 

"Биыл шағын және орта бизнесті қаржыландыруға қолжетімділікті кеңейту шеңберінде 47 мыңға жуық жобаны қамти отырып, 2,5 трлн теңгеден аса қаржыны жеңілдетілген кредитпен беру ұсынылды. Кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасы бойынша бизнес өтінімдерін қарау мерзімін 21 күннен 5 жұмыс күніне дейін қысқарту жүргізілді", - деді Үкімет басшысы.

Асқар Мамин биыл кредиттерді субсидиялау және оларға кепілдік беру шеңберінде мемлекеттік қызметтерді цифрландыру 97%-ға жеткенін айтты.

"2021 жылдың 1 сәуір – 1 маусым аралағында шағын және орта бизнес субъектілері үшін еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын барлық салықтың түрін ұстау мерзімі шегерілді. Бұл бизнеске шамамен 200 млрд теңгені сақтауға мүмкіндік берді. 1 шілдеге дейін шағын және орта бизнес субъектілерінен салықтық және кедендік берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу тоқтатылды. Бұл кәсіпкерлерге айналым капиталын қосымша 279 млрд теңге толтыруға мүмкіндік берді", - деді ҚР Премьер-министр.

Ол екінші деңгейлі банктердің кредиттері бойынша төлем мерзімі 1 шілдеге дейін шегерілгенін жеткізді. 

"Кейінге қалдырылған төлемдер көлемі – 750 млрд теңге. Қазіргі міндет – бизнестің дамуына қолдау көрсету", - деп түйіндеді сөзін Асқар Мамин.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу