"Самұрық-Қазына" кірісі 2022 жылдың қорытындысы бойынша 14 785 млрд теңгені құрады, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 26%-ға артық. Таза пайда рекордтық 1922 млрд теңгеге жетті. Өткен жылмен салыстырғанда 18%-ға артық. Қаржылық тұрақтылық коэффициенті қарыз/EBITDA 1,7-ге дейін жақсарды.
Бұл туралы "Самұрық-Қазына" АҚ Экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры Назира Нұрбаева бейсенбі, 22 маусымда хабарлады, деп жазады inbusiness.kz.
2022 жылы "Самұрық-Қазына" тобының компаниялары пандемияның салдарын еңсеріп, компанияның негізгі өндірістік көрсеткіштерінің жақсаруының арқасында тұрақты өсімге шықты.
Спикер атап өткендей, 2022 жыл оңай болған жоқ, бірақ сыртқы қиындықтарға қарамастан, топтың 2022 жылғы нәтижелері жалпы жаман емес болды. КҚК арқылы тасымалдау көлемі төмендеген жоқ, тіпті, кішкене болсын өсім көрсетті. "ҚазМұнайГаз" мұнай өңдеу зауыттары шамамен 20 млн тоннаны қайта өңдеді. Бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 5,7%-ға жоғары.
QazaqGaz бойынша ішкі нарықта газды өткізу есебінен 2021 жылмен салыстырғанда табиғи газды өткізу көлемінің өсуі байқалды. Бұл жаңа өндірістік қуаттардың қосылуына және халықтың газ тұтынуының артуына байланысты. Жүк айналымы бойынша ҚТЖ көрсеткіштері 245 млрд тонна/шақырым құрады, яғни 2021 жылғы фактіден 5%-ға, оның ішінде экспорт бойынша - 10,3%-ға жоғары. Транзиттік жүк көлемі 14%-ға ұлғайды.
"Эйр Астана" мен "Қазақэйр" авиакомпаниялары бойынша жалпы жолаушылар айналымы 7,9 млн жолаушыны құрады, бұл 2021 жылдан 10%-ға жоғары. Негізінен өсім халықаралық бағыттардағы жолаушылар ағыны есебінен болды. "Қазпошта" АҚ пандемиядан кейін әлі де толық қалыпқа келе қоймады, пошта қызметтерінің көлемінде 9%-ға жуық төмендеу байқалады. Халықаралық бағыттарға тарифтерді ұлғайту бойынша жұмыстар жүргізілді және одан түсетін кірістер 2021 жылғы нәтижелерден 45%-ға жоғары.
Назира Нұрбаеваның айтуынша, 2022 жылы "Самұрық-Қазына" портфельдік компаниялардан 493 млрд теңге дивиденд алған, яғни бір жыл бұрынғыдан екі есе көп. Нәтижесінде жалғыз акционерге – Қазақстан Үкіметіне төлемдер мөлшеріне оң әсерін тигізіп, 302 млрд теңгеге дейін жетті.
2023 жылы Қор Жалғыз акционерге төлемдер көлемін ұлғайтуды, сондай-ақ "Қазақстан Халқына" ҚҚ-на қаражат бөлуді және активтерді жекешелендіруден түскен қаражатты ҚР Ұлттық қорына шамамен 481 млрд теңге сомаға аударуды жоспарлап отыр.
Жалғыз акционерге дивидендтер түріндегі таза пайданың кемінде 70%-ын аударуға қатысты Назира Нұрбаева бұл норма мемлекеттік органдардың басқаруындағы компанияларға қатысты екенін түсіндірді. Бұл ретте Қордың акциялары жекелеген мемлекеттік органдардың басқаруына берілмеген, ҚР Үкіметі - қордың тікелей акционері.
"Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында мүдделі мемлекеттік органдармен талқылау қорытындысы бойынша ҚР Үкіметі жаңартылған дивидендтік саясатты бекітті. Бүгінгі таңда 2022 жылы дивидендтік саясат нормаларының орындалуы 124%-ды құрады", - деп түйіндеді ол.