Санжар Боқаев: Бізді қорғауға тиіс армия керісінше халыққа қауіп төндіріп жатыр

835

Белгілі саясаттанушы Санжар Боқаев Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы жарылыс жөнінде пікір білдірді. Оның айтуынша, Жамбыл облысындағы жарылысқа байланысты қозғалған қылмыстық іс бұрын басталуы керек еді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Санжар Боқаев: Бізді қорғауға тиіс армия керісінше халыққа қауіп төндіріп жатыр

"Мұндай жағдайды күні кеше ғана бастан өткерген секілді едік. Арыстағы оқиғаны есімізге түсіріп көрейікші. Бұл екі оқиғаны не біріктіреді: біріншіден, біз ешқандай соғыссыз-ақ өз-өзімізді құртып тына алады екенбіз. Екіншіден, осынау әскери қоймаларда болған оқиғаның (Арыстағы) себебі тергеу анықтағандай жемқорлық болып шыққан. Мұны тергеу дәлелдеген. Үшіншіден, осы оқиғалардан біреулер пайда көріп отыр деп болжауға негіз бар. Немесе осындай жағдайлар арқылы әскери қоймалардағы оқ-дәрілердің жетіспеушілігін жапқысы келеді немесе осылардың салдарын жою үшін бөлінген қаражат біреулердің пайдасына жарап тұр", - дейді Санжар Боқаев фейсбук арқылы таратқан видеосында.

Оның айтуынша, Арыстағы оқиғалардың салдарын жою үшін бюджеттен 60 млрд теңге бөлінген. 

"Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбылдағы жарылысқа байланысты қылмыстық іс қозғалғанын жария етті. Шынын айтқанда, бұл қылмыстық іс төтенше жағдайдан кейін емес, дейін қозғалуға тиіс еді ғой. Яғни бұл дегеніміз мемлекеттік органдардың жұмыс істемейтінін көрсетеді. Бас прокуратура және әскери прокуратура Арыстағы оқиғадан кейін барлық қоймалар мен әскери бөлімдерде жұмыс жүргізуі керек болатын. Ал Ұлт көшбасшысы басқарып отырған Қауіпсіздік Кеңесі қайда қарап отыр? Ол ұйым ұлттық қауіпсіздік пен қорғаныс саласында бірыңғай мемлекеттік саясатты айқындайтын орган емес пе еді?! Қауіпсіздік – ең басты мәселе. Себебі ол – негізгі құндылықтардың бірі. Бізді қорғауы тиіс армия керісінше тыныш заманда бейбіт халыққа қауіп төндіріп жатыр", - дейді саясаттанушы.

Санжар Боқаев Қорғаныс министрі отставкаға кетуі керек деп есептейді. 

Еске сала кетсек, Жамбыл облысындағы жарылыс салдарынан 5 адам қайтыс болды. 

Аян Бекенұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу