Сапасыз астық шаруаларды тығырыққа тіреді

319

Қостанай облысының диқандары биылғы өнімін сата алмай қаламыз ба деп алаңдаулы.

Сапасыз астық шаруаларды тығырыққа тіреді Фото: Inbusiness.kz

4 млн тонна астықтың 3 млн тоннаға жуығы 5-ші сыныпты не сыныпқа жатпайды. Ауыл шаруашылығы министрлігінен бұл бидайды еліміздің өзге өңірлеріне мал азығы ретінде сатуға қол  ұшын созуды сұраған,  деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Диқандар қыркүйек айында толассыз жаңбыр жауған кезде-ақ биылғы егін сапасыз болатынын айтып шырылдады. Айтса айтқандай, 4 млн 376 мың гектар алқапқа егілген егістіктен 4 млн тоннаға жуық астық жиналған. Соның 10 пайызы ғана 3-сыныпты, 15-20 пайызы 4-сыныпты, қалғаны 5-ші не сыныпқа жатпайды, тек мал азығына ғана жарайды.

"Қазір міне 3 класты бидай жоқ, бағасы 140-қа дейін көтеріліп кетті. Ал, 5 класс фураж ешкімге керек емес. Биыл мұндай бидай ешкімге көп керек болмайды. Мұндай бидай көп. Тек үкіметке қана сеніп отырмыз", - дейді Аграрлық компанияның құрылтайшысы Бейбіт Қойшыбаев. 

Диқандардың сапасыз бидайды сатуға қолұшын берсін деп үкіметтен өтінгеніне 2 айдан асты. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы министрлікке хат та жолдаған.

"Қостанай облысынан 2-3 млн тонна сапасы төмен астықты тікелей сатып алу жөнінде Облыс әкімі атынан Ауыл шаруашылығы министрлігіне хат жолдадық. Бұл астықты құс, мал шаруашылығымен айналысатын жем-шөптен қиыншылық көретін Маңғыстау, Қызылорда секілді өңірлерге жіберуге қолұшын созуды сұрадық. Жақын арада жауабын алып қаламыз", - деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Дмитрий Евстафьев.

Мал азығы болар астықтың тоннасы 50-70 мың теңге. Егер диқан сол бағаға сатып алушы тапса соның өзін олжа санамақшы. Өйткені, келер жылы егін егуге қаржысыз қалуы мүмкін. Биылғы кредит-қарыздарына пролонгацияға жасауға рұқсат алды, алайда көктемде дәнді-дақыл себуге де ақша қажет. Ал, бұл саланың басты қаржы институты саналатын Азық-түлік корпорациясы қарызын биыл өтей алмағандарға келер жылы қыржылай көмек көрсетері белгісіз.

"Барлық ережелерге сәйкес, пролонгация алған компаниялардың қайта несиелеуге құқығымыз жоқ. Бірақ, биылғы жылдың ауыртпалығын ескеріп, Үкімет тарапынан, акционерлердің шешімімен қандай да бір шаралар қабылдануы керек деп ойлаймын. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге егін егуге көмектеспеу ешқашан болған емес", - дейді "Азық-түлік корпорациясы" ҰК АҚ аппарат басшысы Тобылбек Омаров.

Азық-түлік корпорациясы кәсіпорындардан 350 мың тонна астық тікелей сатып алмақшы. Бұл мақсатқа 31,3 млрд теңге қаралған. 4-5 сыныпты бидайға 70 мың теңге көлемінде жоғары баға бекітті. Алайда, 70 пайыз астығы, яғни 3 млн тоннасы 5 сыныптан төмен өңір үшін 350 мың тонна өте аз.

"Азық-түлік келісім шарт корпорациясымен бірлесіп, іздеу жұмыстарын жүргізудеміз. Яғни, 4-сыныпты, конденцияға жатпайтын бидайды өткізуге қандай да бір жағдайлар қарастырып жатырмыз",- дейді ҚР АШМ Сыртқы сауда басқармасының басшысы Саят Қамзин.

Диқандар бүгінде дымқылдығы жоғары астығын кептіріп әлек. Алайда, бұл  қыста сақтауға шыдай ма белгісіз. Кептірудің өзі де шығын. Бірақ еңбегі еш кетпес үшін тырысып жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу