Электронды қызмет алуды елдің жасына да, жасамысына да таптырмас игілік деп, қолдануға баулыды. Азаматтарымыз үйде не жұмысында отырып, "еговтан" енді ғана қажетті құжатын онлайн алуды үйреніп келе жатқанда тұтас деректер базасын басқа елге берейік деу ұшан-теңіз еңбекке түкіргенмен тең. Сарапшылардың пікірі осындай. ЗКТ: Негізі елімізде тәп-тәуір электронды үкімет қалыптасып келеді. Тіпті осы жылы жауапты министрлік әр азамат өзінің дербес деректерін сақтау бойынша өз құқықтарын кеңейту және осы саладағы ұлттық заңнаманы жақсарту бойынша ұсыныстарын енгізе алатын болады деп уәде еткен еді. Бұл уәделі мүмкіндік сол уәде күйінде қалып қоюы мүмкін, - дейді мамандар. Сондықтан деректер базасының басқа елге көшіруді мүлдем болдырмау керек деген пікірде. Оның үстіне, егер Ресейдің ай-ти саласының мамандары елімізідің нарығына енсе, өзіміздің мамандарға жұмыссыз қалу қаупі төнеді. Кибер қауіпсіздік саласы сарапшыларының пікірі... ортақ өгізден оңаша бұзау артық дегенге саяды.
Жалпы сала сарапшылары осы мәселеге үлкен күмәнмен қарайды. Платформа қауіпсіз бе, қашан және қалай енгізіледі? Қалай қолданамыз. Қысқасы сұрақ көп. Бірақ жауап жоқ дейді Аити аналитигі Тимур Бектұров.
Ақпараттық технология саласын меңгерген отандық мамандар біз ешкімнен кем емеспіз дейді. Тіпті, шетелде де сұранысқа ие екендерін айтады. Бізде цифрландыру бағдарламасы бірнеше жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Қазір жеке құрылымдармен қатар, мемлекеттік сектордың барлық салаларында автоматтандырудың белсенді үрдісі жүріп жатыр. Сайттар мен мобильді қосымшалардың орасан зор топтамалары жасалуда. Әзірге қиындықтар туындаған жоқ. Барлығы қарапайым және азаматтардың пайдалануы үшін қолжетімді. Бұл ретте, отандық сайт әзірлеушілердің қолынан көп дүние келеді, - деп санайды мамандар. Әрі олардың бірқатар артықшылықтары бар көрінеді.