Сарапшы Каспий құбыры консорциумына жасалған шабуыл қандай шығын әкелгенін айтты

376

Ол Қазақстан Украинадан КҚК-ға жасалған шабуылдан келген залалдың өтелуін талап етуі тиіс деген пікірде. 

Сарапшы Каспий құбыры консорциумына жасалған шабуыл қандай шығын әкелгенін айтты Фото: Молодежная газета

Мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байділдінов Каспий құбыры консорциумына жасалған дрондар шабуылынан қандай зиян келгенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оның пікірінше, Қазақстан Украинадан Каспий құбыры консорциумына жасалған шабуылдан келген залалдың өтелуін талап етуі тиіс.

"Меніңше, біз өтемақы талап етуіміз керек. Себебі бұл біздің нысан, біздің мұнай. Қазақстан әрдайым өзінің бейтарап екенін көрсетті. Мемлекет басшысы бұл қақтығысты бейбіт жолмен шешуді қолдайтынымызды атап өтті. Біз ешқашан да қақтығыстың бір жағына шыққан емеспіз. Бұдан басқа біз Украинаға гуманитарлық көмек те көрсеттік. Осыған қарамастан біздің нысанға шабуыл жасалды",  деді ол Мәжіліс кулуарында. 

Олжас Байділдінов Каспий құбыры консорциумына жасалған шабуыл 300 млрд теңге мөлшерінде залал келтіргенін жеткізді. 

Сарапшы КҚК халықаралық консорциум екенін еске салды.

"Каспий құбыры консорциумында көптеген қазақстандық, Ресейде тұратын этникалық қазақтар жұмыс істейді. Абырай болғанда, қаза тапқандар жоқ. Өздеріңізге белгілі, дрондар араға әртүрлі уақыт салып шабуылдады. Оларда металл зақымдайтын элементтер болды",  деді ол.

Сала сарапшысы консорциумда жұмыс істеп жүргендердің әскери қызметке қатысы жоқ екенін баса айтты.

Айта кету керек, осыған дейін Қазақстан Каспий құбыр консорциумының нысанына жасалған шабуылды Украинамен талқылайтынын жазғанбыз. 17 ақпан күні Каспий құбыр консорциумының станциясына дрондар шабуыл жасады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу