Сарапшы: құрылыстағы заңсыздықтар бақылаудың болмауынан

377

Cүру үшін салынған нысандар. Еліміздің көп аймағындағы құрылыс барысында мыңдаған заң бұзушылықтар анықталған.

Сарапшы: құрылыстағы заңсыздықтар бақылаудың болмауынан Фото: inbusiness.kz

Бұл келеңсіздік жергілікті атқарушы орган тарапынан Бас жоспарға және егжей тегжейлі жоспарлауға немқұрайлы қараудан болып отыр. Бас прокуратураның дерегінше, еліміздің 14 қаласынан мыңнан аса заңсыздық фактілері тіркелді. Қазір құрылысқа бақылау болмағандықтан әркім қолынан келгенше қоныштан басып жүр. Бұл келеңіздіктен құтылудың қандай жолы бар?

Еліміздің көптеген қаласында жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай ретсіз салынған үйлер көбейіп барады. Төрт-бес қабатты ғимараттар шаһардың ана бұрышынан да мына бұрышынан да қылаң береді. Павлодар қаласында нүктелі құрылыстардың саны соңғы үш жылда елуден асты. Дегенмен, олардың көбісінің құрылысы заңға қайшы. 

"Сот жарлығы бойынша Павлодар облысында сүрілуге тиіс үш объекті бар. Сол үш объект Павлодар қаласында Естай 102 көшесі бойынша, Сәтбаев көшесінде 245\1 және де Максим Горький көшесінде 44. Екі объект бойынша сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ", - дейді Павлодар облыстық мемлекеттік сәулет құрылыс бақылау инспекциясының бөлім басшысы Арман Шағарманов.

Ал, Ақтау қаласында 46 нысан еш құжатсыз салынып жатыр екен. Құзырлы орган өкілдері оның 14-не қатысты істі сотқа жолдап, сүріп тастауды талап етіп отыр. Заңды белден басқан мердігерлердің кесірінен мыңдаған адам әрі-сәрі күйде. Өйткені, олар баспанаға ақша салып қойған. Мұндай сорақылықтар еліміздің 14 қаласында бар.

"Бүгінгі таңда жергілікті атқарушы билік тарапынан кетіп жатқан кемшіліктер көп. Олар көбінесе жер учаскесінің мақсатты пайдаланбауына жол беріп отыр. Бұл ретте жергілікті шенеуніктер мен құрлыс салушының жауапқа тартылған кездері болды. Қала құрылысы құжатында бастапқы мақсатты өзгертуге тыйым салынған", - дейді Құрылыс және ТҮКШ жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Бақытжан Жүнісбеков.

2019 жылы Павлодар педагогикалық университетіне жатақхана саламыз деп, қаладағы мектептің бірінің стадионының жарты жерін бөліп берді. Кейін белгілі болғандай инвестор ол жерді өзге біреуге сатып жіберіпті. Жаңа қожайын болса жер телімінің әуелдегі пайдалану мақсатын өзгерткен. Ал, тағы бір мердігер Луговой көшесіндегі нысанның қабаттар санын арттырып жіберген. 

"Жер жеке адамға жеке тұлғаға беріледі. Сосын одан басқа жеке тұлға алып алады да жаңағы құрылыс нысанын өзі соғады да ары қарай мен соқтым осыны заңдастырып беріңдер дейді. Ол заңсыз оның істеп отырған әрекеті", - дейді Павлодар облысы прокурорының бірінші орынбасары Талғат Әлібаев.  

Сарапшылардың айтуынша, 2016 жылдан бері елімізде құрылыс саласына бақылау босаңсыды. Оған басты себеп, мемлекеттік сәулет құрылыс инспекциясының құзіретінен айырылуы. Бұрын олар кез келген уақытта тексеріп, кемшіліктер мен заңсыздықтарға жол бермейтін. Қазір ондай қауқар жоқ. Өйткені, кәсіпкерлікке басы артық тексеру жүргізуге тыйым салынғаны белгілі. Ал, бұл кейбір бизнес өкілдерінің айын оңынан тудырып тұр.

"Бұл жерде біз көбінде ГАСК-ны айтамыз ғой, солардың кінәсі неге бақыламайды деп соларға кінә арта бастаймыз. Бірақ, бұл дұрыс емес. Өйткені, бүгінгі таңда ГАСК-ның ондай күші жоқ, заңнан алып тастаған. Олар тіпті мынау құрылыс басталғанда тексеруге баруға да жаңағы нысанның басына бара алмайды. Ол үшін міндетті түрде біреуден арыз өтініш түсуі керек. Соның негізінде ғана рұқсат қағазын алады тексеріске содан кейін ғана орынға шығады", - дейді құрылыс саласының сарапшысы Нұргүл Қайырденова.

Бұрындары құрылыс нысаны салынып біткен соң оны қабылдайтын комиссияның құрамында ТЖ министрлігінің өкілдері болатын. Ол комиссия кестеге сай құрылыс барысына тексерулер өткізетін. Тағы бір мәселе соңғы кезде мемлекеттік сәулет құрылыс бақылау инспекторларының қатары күрт азайып кетті. Қазір ел аумағында небәрі 138 ғана маман бар екен. Өйткені, жалақылары мардымсыз. Сол себепті, заңға қайта өзгерту енгізу қажет дейді, депутаттар. 

"Заңдарға өзгерістер енгізіп, міндетті түрде сәулет бақылау инспекторының санын көбейту қажет. Екінші мәселе, сәулет бақылау инспекторларының еңбекақылары да өте күрделі болып тұр. Осы мәселені шешу қажет деп біз есептейміз. Бұл өте күрделі мәселе. Сол себепті мемлекеттік сәулет құрылыс бақылау жұмыстарын жаңа форматқа енгізу қажет", - дейді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков.  

Құрылысқа бақылау болмағаннан кейін сапасы да сын көтермейді. Қарағанды, Шымкент, Павлодар қалаларында салынған және салынып жатып қирап қалған құрылыстар соған дәлел. Сол себепті де, бұл салаға кешенді өзгеріс керек-ақ. Ұлттық экономика министрлігі жаңа заңнамада жедел әрекет ету шарасын қарастырып жатыр. Бұл өз кезегінде кемшілікті дер кезінде анықтап заңсыз құрылысты ерте бастан тоқтатуға мүмкіндік береді дейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу