Сарапшылар: Күнбағыс экспортын шектеу керек, әйтпесе сұйық май қымбаттауы мүмкін

806

Елімізде күнбағыс дәндерін экспорттау бойынша квота мерзімі 30 қыркүйекте аяқталды.

Сарапшылар: Күнбағыс экспортын шектеу керек, әйтпесе сұйық май қымбаттауы мүмкін

Өткен аптада ведомствоаралық комиссия күнбағыс дәндері экспортына 20% көлемінде салық салуды қарастыратынын мәлімдеді деп хабарлайды inbusiness.kz.

Салықтың шекті мөлшері валютаға қарай есептеледі. Май дақылдарын қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы шешім тез арада қабылданбаса, дайын өнімнің қымбаттауы мүмкін екенін ескертеді. Әрі алым-салық мөлшерінің тым төмен болмауы маңызды. Қауымдастық төрағасы Ядыкар Ибрагимов былтыр бағаның тұрақты болуына тек шикізат экспортын шектеу әсер еткенін алға тартты.

Ол өткен жылы әлемдік нарықтағы баға 59%-ға өсіп кеткенде біздегі жағдай қалыпты болғанын, тіпті май өндірісі 46%-ға өскенін еске салды.

Оның болжамынша, биыл елде 1 млн тонна күнбағыс дәні жиналады. Бұл өнімді сыртқа шығаратындай көп емес. Бірақ кәсіпорындар 3 млн тонна дән өңдеуге қауқарлы. Яғни шикізатты импорттауға мәжбүрміз. "Есесіне дайын өнімді Қытай мен Орталық Азия елдеріне экспорттауға қауқарымыз болады", – дейді сарапшы.

"Біз шикізат емес, дайын өнім экспортына көңіл бөлуіміз керек. Себебі күнбағыс дәндерін шет елге сату саланың дамуына кедергі келтіреді. Бұлай импортқа тәуелділікті жеңе алмаймыз. Күнбағыс майының экспорты тоқтап қалған жоқ. Тіпті жарты жылдағы көрсеткіш 2,6 есе көбейген. Яғни 130 мың тоннаға жуық майды шет мемлекеттерге саттық", – дейді май дақылдарын қайта өңдеушілер ұлттық қауымдастығының төрағасы Ядыкар Ибрагимов.

Energyprom.kz сарапшыларының есебінше, отандық кәсіпорындар ішкі және сыртқы сұранысты 83% қамтыды. 8 айда май өндірісі шамамен 40%-ға өсіп, 308,5 мың тоннаға жетті. Оның 47%, яғни 145 мың тоннасы Шығыс Қазақстан облысының үлесінде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу