Оңтүстік өңірде бұрын жеміс ағаштарының аумағы 7 мың гектардан асса, бүгінде соның үш мыңы ғана бар. Себебі қараусыз қалғандықтан қурап кеткен. Бағбандар баудың көлемін ұлғайту арқылы аудандағы тұралап қалған өндіріс орындарын да қайта жандандыруды көздеп отыр, деп хабарлайды 24Хабар.
Бағбандар алманың өнімді көп беретін түрін егіп жатыр. Қарқынды бау соңғы үлгідегі технология бойынша тамшылатып суарылады. Тағы бір ерекшелігі аласа бойлы ағаш көшеттері бір жылдан кейін түйіндей бастайды.
Жалпы аумағы 195 гектар жерге 11 түрлі жеміс ағашы егіліп жатыр. Оның алтауы - алма. Қалғаны жоғары сұрапты шие мен шабдалы және алхоры ағаштары. Өңірге жеміс ағаштарының бұл түрі алғаш рет әкелініпті. Баудың ерекшелігі де осы. Жергілікті билік егіс алқаптары ағын су тапшылығын көрмейді деп отыр.
"Ол үшін бірінші кезекте өзгеге тәуелділіктен арылу керек", - дейді мамандар. Өйткені каналдар жекенің меншігінде. Сарыағаш ауданында бастауы көрші елден алатын 7 бірдей ірі канал бар. Оның қазіргі таңда екеуі мемлекет меншігіне қайтарылып екі жаны бетондалған. Бұл суды алқапқы ысырапсыз жеткізуге мүмкіндік береді. Тиісінше суармалы жер көлемі де артады. Ендігі мақсат - қалған су жүйелерін мемлекет меншігіне қайтару. Сарыағаш ауданы бір кездері жүзім бауы мен оның шырынынан жасалған шарабымен танымал болатын. Өңірдегі ірге тасы сонау 1934 жылы қаланған шарап зауыты шикізат болмаған соң тоқтап қалған. Қажетті өнімді өндіру үшін аймақтың климаттық жағдайы зерттеліп, оңтүстік бағытын жүзім, шығыс жағын бау-бақшаға айналдыру қолға алынған. Бұл бастама тұралаған кәсіпорынның тамырына қайта қан жүгіртпек. Ауданда алдағы жылы 8 жоба жүзеге асады. Оның ішінде сүт өңдеу мен қыш зауыты және өнімдерді кептіріп өңдейтін кәсіпорын бар. Тиісінше оған қажетті шикізатты өздері өндіреді. Негізінен ауыл шаруашылығымен айналысытан өңірде жылыжай көлемі 560 гектарға жеткен. Кооперацияға бірігу арқылы биыл оған тағы 100 гектар қоспақ. Сыр бойындағы жерлерге насос арқылы су шығарып қосымша 3-4 мың гектар жерді игеру жоспарланған. Бір сөзбен айтқанда, диқандар берекені көктен емес, еткен еңбектерінен тілеп отыр.