Сауда, қызмет көрсету ережелерін бұзған кәсіпкерлер қылмыстық жауапкершіліктен босатылады

547

Соңғы 5 жылда Бұхара облысына 3 миллиард долларға жуық инвестиция тартылған.

Сауда, қызмет көрсету ережелерін бұзған кәсіпкерлер қылмыстық жауапкершіліктен босатылады Фото: atameken.kz

Өзбекстанда Бизнеске қатысты жауапкершіліктің жаңа түрлерін енгізуге 3 жылға мораторий жарияланбақ. Соның арқасында сауда не қызмет көрсету ережелерін бұзған кәсіпкерлер қылмыстық жауапкершіліктен босатылады. Тек әкімшілік жаза қарастырылады. Өзбекстанда бизнеске тағы қандай жағдай жасалған? 

Өзбекстанда орта бизнес ұғымы былтыр ғана пайда болды. Бұл категорияға жылдық табысы 700 мың доллардан асатын кәсіпорындар кіреді. Соның бірі сүт өнімдерін өндіретін зауыт. Қазір бұл кәсіпорын елдің 4 облысын қамтамасыз етіп отыр. 

"Біз энергияны күн батареяларынан аламыз. Сол арқылы қуатқа кететін шығынды үнемдейміз. Әрі мемлекеттен жеңілдіктер ала аламыз. Жалпы күніне 60 мың тонна сүт өңдейміз. Жылына 800 мың тоннадай. Өзбекстанда мұндай кәсіпорындар мен бәсекелестер көп. Сондықтан қазір Ресей мен Үндістан нарығына шығуды көздеп отырмыз", - деді Сүт зауытының бас инженері Суннат Муродов.  

Ал бұл зауыт жылына 12 миллиондай джинсы шығарады. Кәсіпорында мақтаны егуден бастап дайын киім тігуге дейінгі барлық процесс қамтылған. Оған қоса кластер қалдықсыз өндіріс принціпімен жұмыс істейді. Тіпті маталарды бояған суды қайта тазалап, пайдаланады. Соның арқасында Орталық Азия нарығында ірі ойыншыға айналып келеді. 

"Алматыда біздің джинсыларымыз саудаланған дүкен болды. Саудамыз жақсы жүріп тұрған. Бірақ Қаңтар оқиғасына байланысты жабылды. Алдағы уақытта қайта ашпақбыз. Одан бөлек Ресей, Германия, Еуропаның басқа елдеріне, тіпті Түркияға да дайын өнімдерімізді экспорттаймыз", - дейді Тоқыма кластері бас директорының орынбасары Әбдірахмон Базаров.

Өзбекстанда шағын бизнестің Жалпы Ішкі Өнімдегі үлесі 50 пайыздан асып түседі. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 27 процентке жуық. Көршімізде отбасылық кәсіп те айтарлықтай дамыған. Тіпті кей қалалар табысының 75 проценті осы шағын кәсіпкерліктен. 

Соңғы 5 жылда Бұхара облысына 3 миллиард долларға жуық инвестиция тартылған. Осы аралықта 3 мыңнан астам жаңа кәсіпорын бой көтерген. Осылайша аймақтағы өндіріс 4,3 есе өскен. Былтыр өндірістен келген табыс  2,5 миллиард долларға жуықтаған. Оған қоса, аймақтың экспорттық әлеуеті 200 миллион долларға жеткен.

Саладағы Өзбекстандық кәсіпорындарға көрші елдер нарығындағы үлесін арттыру үшін серіктес керек. Өйткені ел Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейді. Ал оған мүше мемлекеттер арасында тиімді серіктес Қазақстан емес Қырғызстан бола алады. Себебі бізде дайын тоқыма өнімдерінен гөрі шикізаттық экспорт көп. Ал әлемдік нарықта мақта талшығының бір келісі 1,5 доллар. Дайын өнім болса 25 доллардан саудаланады. Яғни экономикалық тұрғыдан тиімсіз. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу