Сауд Арабиясының Metal corners holding компаниясы еліміздің жер қойнауындағы полиметал, алтын, мыс және күміс қазбаларына геологиялық барлау жасау үшін 50 млн доллар бөледі, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапарының қарсаңында Metal corners holding компаниясы мен "Қазгеология" АҚ тиісті келісімге қол қойды.
"Бүгін біз Metal corners holding компаниясымен өзара келісім жасадық. Келісімге сай, Қазақстанның жер қойнауынан полиметалл, мыс, алтын, күміс сияқты пайдалы қазбаларды геологиялық барлауға мүмкіндік туады. Келісімнің құны шамамен 50 млн доллар. Алайда, бұл - келісімнің алғашқы сатысы. Егер де болашақта біз осы қазбалардың бай кенін тапсақ, арабтар ол жерге инновациялық зауыттар мен фабрикалар тұрғызуға дайын",- деді журналистермен әңгімелескен "Қазгеология" АҚ басқарма төрағасы Ғалым Нұржанов.
Ғ.Нұржановтың айтуынша, енді еліміздің өңірлеріндегі тау кен-металлургия кешенін дамытуға мүмкіндік туады.
"Бірақ, қате түсініп қалмаңыздар, бұл кен байлықтары табылған жерлер жалға беріледі деген сөз емес. Барлау жұмыстарын толықтай "Қазгеология" компаниясы жүргізеді. Біз қазірдің өзінде кен табылады деген болжалды жерлерді білеміз. ҚР Үкіметінің шағын қалаларды дамыту туралы қаулысына сай, кен орындарын шағын қалалардың маңынан іздейміз деген жоспар бар. Ондай қалалардың жанында геохимия жұмыстарын, геофизика есептерін жүргізіп, болашағы зор орындарды анықтадық. Осындай аумақтарға инвестор тартуға дайынбыз. Міне, ондай инвесторлардың біреуі табылып та қойды", – дейді Ғ.Нұржанов.
"Қазгеология" басшысының айтуынша, Metal corners holding компаниясы араб жерінде полиметалл, алтын мен қорғасын қорына бай жерлердің иесі екен.
"Бұл компаниялар дәл қазіргі дамуына сәйкес, ішкі нарықты игеріп, сыртқы нарыққа жол іздеп отыр. Қазақстанда инновациялық жобаларын жүзеге асыруға дайын. Егер олар шағын қалалардың маңында зауыттар сала бастаса, аймақтардағы жұмыссыздық әлдеқайда азаяр еді", – дейді Ғ.Нұржанов.