Оның экономикадағы үлесі небәрі - 6,2 пайыз. Шағынның іріленіп, жаңа деңгейге өтуіне кім, болмаса не кедергі?
Орта және ірі бизнестің көрсеткіші көңіл көншітпей тұр. 10 жыл бұрын елде 300 мыңнан астам кіші кәсіпкерлік болса, қазір оның саны 500 мыңнан асып жығылады. Осы уақыт ішінде елде небәрі 600 орта кәсіпкерлік ашылыпты. Демек, шағын бизнес деген қара қазан сол беті қайнап жатыр. Ал оның ішінен ешкімнің шыққысы жоқ,-деген сөз. Неге?
"Шағын бизнеске грант, субсидия, жеңілдіктер түрінде көрсетілетін көмек көп. Оның үстіне мораторий бар, есеп-қисап, тексерістен қорықпаймыз. Бізде салықты да азырақ төлейсің. Ал орта бизнеске өтсең, жауапкершілік көбейеді. Сондықтан жаңа деңгейге көшпестен бұрын өзіме бұл маған қажет пе,-деген сұрақ қоямын", - деді Қоғамдық тамақтану қауымдастығының мүшесі Зүлфия Юсупова.
Жан-жақты көмек пен жеңілдіктер тұрғанда бизнесіңді өсіру тиімсіз. Десе де дәл осы шағын бизнес қаншама адамды жұмыспен қамтып отырған нарық. Сондықтан дәл қазір оның ел экономикасына жақсы пайда әкеліп жатқанын ұмытпаған жөн,-дейді кәсіпкерлер. Сонда оны ұлғайтуға не ынталандыруы мүмкін? -деген сұрақ туындайды.
"Жолдауда заңнамаға шағын кәсіпкерлік субъектілерін ірілендіруге ынталандыратын өзгерістер енгізуді тапсырдым. Салық шаралары, тексеруші органдардың тарапынан жүргізілетін тексерулерге белгілі бір иммунитет қалыптастыру, сондай-ақ мамандандырылған қолдау құралдары мен мемлекеттік тапсырыстарға қол жеткізу осы ынталандыру шараларының қатарына кіруге тиіс", - деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Демек мәселенің бәрі салыққа келіп тіреліп тұр ма? Орта бизнестің салығын азайтсаң, оның экономикадағы үлесі әп-сәтте арта қала ма дерсіз. Бәрі біз ойлағандай оңай емес екен. Экономистер тереңінен қазбалайтын мәселені ұсақ-түйек шешімдермен шешуге тырысып жатырмыз, - дейді.