"Шаңыраққа" өтініш қабылдаудың үшінші кезеңі басталды

961

Енді жобаға 2016-2017 жылдар аралығында әкімдік кезегіне тұрған азаматтар да қатыса алады.

"Шаңыраққа" өтініш қабылдаудың үшінші кезеңі басталды

"Шаңырақ "5-10-20" бағдарламасы іске қосылған 2 айдың ішінде баспана алуға әкімдіктер кезегінде тұрған 1500 адамның өтініші мақұлданған. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің баспасөз қызметі осындай мәлімет келтіріп отыр. 

"14.10.2020 ж. бастап, баспанаға мұқтаж жан ретінде 1986 жылдан 2017 жылға дейінгі мерзімді қоса алғанда, әкімдіктер кезегіне тұрған Қазақстан Республикасының азаматтарынан өтініш қабылдаудың үшінші кезеңі басталады", – деп жазылған баспасөз хабарламада.

Яғни үшінші кезеңге 2016-2017 жылдар аралығында әкімдік кезегіне тұрғандар да қатыса алады деген сөз. 

Бағдарламаға қатысудың басты шарты бойынша отбасының әр мүшесіне келетін табыс көлемі 101 271 теңгеден аспауы тиіс.  Бұл елдегі ресми бекітілген күнкөріс минимумының 3,1 дәрежесіне тең сома. 2020 жылдың 1 сәуірінен бастап күнкөріс минимумы 32 668 теңге болып белгіленген. Әр мүшеге келетін отбасылық табыс мөлшері еңбек немесе кәсіпкерлік қызметтен түсетін кіріске салынатын зейнетақы аударымдарынан, жеке табыс салығы мен басқа да міндетті аударымдардан тыс есептеледі.

Бағдарламаның бірінші кезеңінде 19 140 өтініш қабылданған екен. Бұл кезеңде 1986-2010 жылдар аралығында кезекке тұрғандар қамтылғандықтан, 6690 азаматтың өтініші осы мерзімге сай келіп, мақұлданған. Ақшаға шақсақ, жалпы көлемі 6 млрд астам теңгенің 470 несиесі ресімделген.

Екінші кезеңде 18 770 өтініш қабылданып, 14 061 өтініш кезекке тұру датасына (2011-2015жж.) сай келген. Нәтижесінде жалпы көлемі 14 млрд астам теңгеге 1031 несиелік өтініш мақұлданған. Осылайша екі айдың ішінде барлығы 37 910 өтініш қабылданып, кезекке тұру датасына сай келген 20 751 өтініштің ішінде  жалпы көлемі 20 млрд 300 млн теңге болатын 1500 несиелік өтініш мақұлданған.

"Шаңырақ" пилоттық жобасын жүзеге асыру үшін ҚР Ұлттық банкінің еншілес ұйымының қаражатынан 210 млрд теңге көлемінде қаражат бөлу жоспарланған. Оның 90 млрд теңге көлеміндегі алғашқы бөлігі Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне түсті. Осы бюджетке сәйкес, еліміздің шамамен 7-8 мыңдай отбасын баспанамен қамтамасыз етуді жоспарланып отыр", – деп жазады банктің баспасөз қызметі.

Демек ондағы 90 млрд теңгенің әлі 70 млрд теңгесі игерілуі керек. Бүгінге дейін 1500 өтініш бойынша несие  рәсімделгенін ескерсек, әлі 6000-6500 несие беріледі деген сөз. 

Жылдық мөлшерлемесі 5 пайыз болатын, бастапқы жарна ретінде алатын несиенің 10 пайызы ғана талап етілетін мұндай жеңіл заемға қол жеткізу үшін әкімдіктің баспана кезегінде тұрған болуыңыз қажет. Несиелендіру мерзімі 20 жылға дейін. Тағы бір шарты – пәтерді тек жаңа салынған үйлерден ғана алуға болады. Нақты айтсақ, "5-10-20" бағдарламасы бойынша жергілікті әкімдіктер соғып жатқан несиелік тұрғын үйлер мен жеке құрылыс компанияларының "Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры" кепілдік берген үйлері  кіреді. Ондай компаниялардың тізімін www.hcsbk.kz сайтынан жүктеп алуға болады.
Әкімдіктер салған несиелік тұрғын үйлердің 1 шаршы метрі бойынша мынадай баға мөлшері белгіленген: Алматы қаласында – 240 мың теңгеге дейін, Нұр-Сұлтан қаласында – 220 мың теңгеге дейін,  Шымкент қаласы мен Алматы маңындағы аймақтарда – 200 мың теңгеге дейін, Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Түркістан, Қарағанды қалалары мен Қарағанды облысында – 180 мың теңгеге дейін, басқа өңірлерде – 160 мың теңгеге дейін.

Бұл бірақ осында бағамен кез келген көлемдегі үйді сатып алуға болады деген сөз емес. Жалпы заем сомасына шектеу қойылған. Мысалы, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында несиенің ең жоғарғы шегі 18 млн теңгеден аспауы керек. Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Шымкент, Түркістан, Қарағанды қалалары мен Қарағанды облысында 15 млн теңгеге дейін, ал қалған өңірлерде 12 млн теңгеге дейінгі баға ұсынылған.

Тағы бір ескеретін дүние, әкімдік кезегінде тұрған азаматтар бағдарламаға қатысу туралы және төлем қабілеттілігін бағалау жөніндегі өтініштерін тек www.hcsbk.kz сайты арқылы электронды түрде ғана бере алады. Үшінші кезеңге өтініш беру мерзімі 2020 жылдың 14 қазан – 13 қараша аралығы деп бекітіліп отыр. Бағдарламаға қатысу үшін мынадай 6 қадам жасау қажет:

1-қадам: www.hcsbk.kz банк сайтындағы "Қолжетімді тұрғын үй/"Шаңырақ" пилоттық жобасы бөлімі арқылы электрондық өтініш беру;

2-қадам: Банк сайтында өтініш берген күннен бастап 3 күн аралығында банк қызметкерінің қоңырауын күтіп, оған жауап беру. Ол несиелендіру шарттары мен бағдарлама талаптарын жіті түсіндіріп, өтініш тапсыру үшін сізді банк бөлімшесіне жазады;

3-қадам: Төлем қабілеттілігіңізді бағалау үшін құжаттарыңызды алып, банк бөлімшесіне белгіленген уақытта келу;

4-қадам: Займды мақұлдау жөнінде банктің оң шешімін алу;

5-қадам: Банк талаптарына сай, жеке құрылысшылардан жаңа тұрғын үй табу (сондай-ақ, "Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры" АҚ кепілдігі бар), сату-сатып алу немесе үлестік қатысу келісімдерін жасау;

6-қадам: Банктен заем алу!

Әкімшілік кезегіне қай уақыттан бастап есепке тұрғаныңызды egov.kz сайты арқылы немесе жергілікті атқарушы билік органдарынан білуге болады.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу