Шаруалар былтыр өткізген мақтаның ақшасын әлі ала алмай жүр

510

Түркістан облысында мақташылар күзде өткізген өнімдерінің  ақшасын әлі күнге ала алмай жүр. 

Шаруалар былтыр өткізген мақтаның ақшасын әлі ала алмай жүр Фото: zhasalash.kz

Бес айдан бері қаржыдан қысылған шаруалар көктемгі егіс жұмыстарын да бастай алмай отыр. Ал, зауыт қожайындары трейдерлік компаниялардың келмей жатқанын алға тартып, сата алмай отырғандарын айтады. 

Өткен жылы өткізген мақтасының өтеуін ала алмай жүргендер, негізінен Жетісай мен Мақтарал ауданының шаруалары. Бас-аяғы 400-ге тарта диқан бүгінде тығырыққа тірелген. Барлығы былтыр ала жаздай еңбек етіп күзде өнімдерін өткізгенімен тиісті қаржы әлі қолға тимеді.   

"50 тонна мақта өткізгенмін, қазір бес ай болды 3-4 млн ақша алуым керек еді, бірақ бермей жатыр", дейді шаруа Үсен Жұманов.

Егіншілер өткен жылы мақтаның әр келісін аймақтардағы зауыттарға 250 теңгеден өткізген. Сол кезде жергілікті билік алдағы уақытта-ақ алтынның құны қымбаттаса зауыттар сол бойынша есеп айырысады деп сендірген. Бірақ, биліктің уәдесі орындалмақ түгілі, еңбек иелері арзан бағамен есеп айырыса алмай отыр.

"Ақпанның 15-не береміз деп уәде берген. Соны әлі берген жоқ. Оны күтіп отырмыз. Әлі қанша жер айдалған жоқ мына жерде. Оны суаруымыз керек, сор шаюымыз керек. Соның бәріне ақша керек қой қаражат, шит алуымыз керек. Селитрамыз бар", дейді шаруа Өскенбай Аханов.

Ал, аймақтағы мақта қабылдау пунктері қарыздың қордалануын дайын өнімге деген сұраныстың төмендеп кеткенімен байланыстырады. Айтуларынша былтыр қабылданған зауыттардағы мақта әлі сатылмаған. Өзекті мәселені жергілікті билік те жақсы біледі. Бірақ әзірге оң шешім жоқ. 

"Жалпы бізде жеті мақта өңдеу зауыты бар. Соңғы мәлімет бойынша қазіргі уақытта 345 шаруаға 550 млн теңгедей қарыз. Осы айдың аяғына дейін төлеп береміз деп жатыр", дейді Жетісай аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Нұртас Тұрсынбеков.

Ала жаздай еңбек етіп, қыс бойы ақысының артынан шапқылаған шаруалар жақын арада қаржы беріледі дегенге сенбейді. Өйткені, мақтаны қабылдағандар шаруаларды осы уақытқа дейін талай рет алдаған. Сондықтан сенімнен айырылған ағайын көктемгі егіске енжар қарап отыр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу