Шаруалардың кредит жүктемесі азаймақ

1305

4 желтоқсаннан бастап жаңа өзгерістер күшіне енеді.

Шаруалардың кредит жүктемесі азаймақ

Фермерлерге кредит беру кезінде сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау қағидаларын өзгерту қосымша қаражат алу мүмкіндігін арттырып, кредит жүктемесін азайтуға жол ашады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, АӨК субъектілерін номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылдық 17%-дан аспайтын, қаржы институттарының берген кредиті бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау түрінде қолдау көрсетіледі.

"Мұнда ауылшаруашылығы техникасын, жабдығын, малды, негізгі құралдарды сатып алуға, құрылысқа берілген қарыздар бойынша сыйақы мөлшерлемесі 10%-ға, айналым қаражатын толықтыру бойынша 7%-ға, көктемгі егіс және егін жинау жұмысын жүргізу 9%-ға төмендейді.

Субсидиялаудың жекелеген талаптарында номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылдық 15%-дан аспайтын "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы шеңберінде жасалған қарыз шарттары бойынша сыйақы мөлшерлемесін төмендету түрінде мемлекеттік қолдау көзделген", – деп жазылған министрлік таратқан хабарламада.

Мұнда мөлшерлеме инвестициялық мақсатқа арналған кредиттер бойынша 10%-ға, айналым қаражатын толықтыруға және көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге арналған кредиттер бойынша 9%-ға төмендейді.

Бұрын сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау тетігі АӨК субъектісін субсидиялау бағдарламасына енгізгеннен бастап субсидияны есептеуді көздеген. 

"Енді бюджетте артық қаражат болмаған жағдайда фермерлерді субсидиялауға ұсыныстар қабылдау тоқтатылды. Субсидиялау қағидаларының жаңа редакциясына сәйкес, қаражат тапшылығына байланысты фермерлердің субсидияларды уақытылы алмау проблемасын шешу үшін резерв (күту парағы) енгізіледі.

Егер ағымдағы қаржы жылында бюджет қаражаты болмаған жағдайда қаржы институттарының фермерлердің сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялауға ұсыныстары резервке түседі және қосымша бюджет қаражатын бөлу фактісі бойынша төленеді", – деп жазылған хабарламада.

Бұл резервке ұсыныстардың түсу кезегі мен уақыты бойынша субсидиялаудың ақпарат жүйесінде белгіленеді, әрі субсидияларды бөлудің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ қағидалардың жаңартылған редакциясы субсидиялауға ұсыныс берілген жылы жасалған қарыз шарттары бойынша субсидияны есептеу кредит берілген немесе лизинг нысанасы берілген кезден бастап жүзеге асырылады.

"Мұнда ұсыныс берілген күні қолданыстағы және ұсыныс берілгенге дейін 4 жылдан ерте емес жасалған қарыз шарттары бойынша және субсидияны есептеу ұсыныс берілген жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асырылады", – деп жазылған хабарламада.

Сонымен қатар фермерлерді мемлекеттік қолдаумен көбірек қамту мақсатында субсидиялау қағидаларында нормалар көзделген. Оған сәйкес, 2021 жылы субсидиялау бағдарламасына енгізілген қарыз шарттары бойынша субсидия көлемін қайта есептеу биыл 1 қаңтардан немесе кредит беру/лизинг нысанасын беру кезінен бастап іске асырылады.

Ережеге енгізілген өзгерістер Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы шеңберінде Қазақстанның даму банкі мен Аграрлық кредиттік корпорация берген қарыз шарттары бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялауды көздейді.

2021 жылғы 4 желтоқсаннан бастап субсидиялау қағидаларына енгізілген өзгерістер күшіне енеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу