Ведомство өкілінің сөзінше, қазіргі уақытта тараптар қылмыстық істің материалдарымен танысу кезеңінде тұр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жамбыл облысында болған жол апатындағы қылмыстық іс 6 ай өткен соң тергеудің белсенді сатысына көшті.
Қылмыстық іс Қазақстан Республикасының ҚК 245-бабы, 4-бөлігі бойынша тергелуде. Бұл бап жол қозғалысы ережелерін бұзу салдарынан абайсызда екі немесе одан көп адамның өліміне әкеп соққан әрекеттерге қатысты қолданылады. Кінәсі дәлелденсе, жауапты тұлға 5 пен 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы және 7 жылға дейін көлік басқару құқығынан айрылуы ықтимал.
– Бауырымның отбасына алаңдап, хабарласып жатқан жандардың баршасына Алла разы болсын. Ешкім мұндай сынаққа тап болмасын. Ертең не боларын бір Алла біледі. Алла Гүлайымды сақтасын. Ол бірден екі жақынынан айырылып, өзі де жарақат алды, – деп жазды спортшының қарындасы Сора Рахмонова.
Айта кетейік, жол-көлік оқиғасы 2025 жылдың 27 шілдесінде Жамбыл облысындағы Алматы – Екатеринбург тасжолында болды. Toyota Land Cruiser көлігінде спортшының жұбайы, олардың кәмелетке толмаған ұлы және Гүлайым Рахмонованың екі құрбысы отырған. Жүргізуші рөлге ие бола алмай, көлік аударылған. Апаттан 2 жолаушы оқиға орнында көз жұмған еді.